
26 маусым күні «Ерекше дәрігер» детективі үлкен экранға шығады. Бұл фильмде басты рөлді актер Азиз Бейшеналиев сомдаған. Өнер иесі өткен жылы АҚШ-қа көшіп кеткен болатын. Бірақ актер жақында Қазақстанға қайта оралды. Kursiv.Media редакциясы актерден сұхбат барысында мұның себебін білді.
– Азиз, қайырлы күн! Өзіңізді Қазақстанда көргенімізге қуаныштымыз! Америка Құрама Штаттарынан кетуіңізге не түрткі болды?
– Мен «Ерекше дәрігер» жобасына қайта оралдым, оны аяқтауым керек.Бұл жоба маған өзінің идеясы жағынан қатты ұнады. Біздің посткеңестік, әсіресе, Орталық Азия киносы үшін Даун синдромы бар балалармен Даун синдромына қатысты фильм түсіру — тосын әрі ерекше идея. Жако Ван Дормель өзінің «Сегізінші күн» фильміндегідей Даун синдромы бар актерлерді емес, нақты балаларды экранға шығарған. Осы тұрғыдан алғанда мүлде жаңа тәсіл. Бұл тақырып мені адам ретінде де, кәсіби тұрғыда да қызықтырды. Маған өмір мен мамандық тарапынан қойылған өзіндік сынақ секілді. Өзіме жүктелген жауапкершілікті орындай алам ба, соны түсіну керек болды. Расында, бұл адамгершілік, әрі кәсіби тұрғыда маңызды міндет болды.
– Сериал түсіру және «Ерекше дәрігер» фильмінің түсірілімі үшін ерекше бала Мартаның анасы әрі режиссер София Витвер несие алып, краудфандинг ұйымдастырған екен. Бұл мүлдем коммерциялық жоба емес. Бұл түсірілім процесіне әсер етті ме?
– Режиссер София Витвер мен оның күйеуі «Ерекше дәрігер» фильмнің редакторы әрі композиторы Сергей Перминов үшін басты мәселе ақша табу болды. Бастапқыда бұл қысқаметражды фильм болған. Бірақ менің ойымша, София қосымша қаржы таба алған соң, идея форматы өзгеріп, хронометражы созылды. Осылайша бұл оқиға үш жылға созылды.
– Сізге актер ретінде АҚШ-тан ұсыныстар түсіп тұра ма? Әлде Қазақстандағы түсірілімдерге жиі келесіз бе?
– Бұл – отбасылық дәстүр, әулетіміздің екінші ұрпағы Қазақстандағы түсірілімдерге қатысып келеді. Осы дәстүрді бұзғым келмейді. Ал Америкада Эрик Робертспен бір кадрда түсем. Америкалық агентім менімен жұмысты жалғастырғысы келіп отыр. Маған басқа жобаларды да ұсынатынын айтты. Көрерміз, өмірдің өзі лотерея ғой.
– Америкалықтардың түсірілім барысындағы жұмысын қалай бағалар едіңіз? Біздің елден несімен ерекшеленеді?
– Онда ақшадан гөрі жақсы қарым-қатынас маңызды деген түсінік жоқ. Ол жерде мәселе тек ақшада емес, сонымен бірге түсірілім алаңындағы атмосфера басқаша. Материалдық және ұйымдастырушылық тұрғысынан алар болсақ, актердің еңбегіне деген құрмет көрініп тұрады. Олар жұмыстағы қарым-қатынас бір жақты болмайтынын жақсы түсінеді. Өкінішке орай, біздің елде продюсер сізден көп нәрсе күтеді, бірақ өзі сол мақсатта ешқандай қадам жасамайды. Ал Америкада мұндай жағдай болып көрмепті.

– АҚШ-та актерлар қара тізімге ілінбеу үшін промо-тур кезінде түсірілім туралы жақсы сөйлеп, негативтен аулақ болуға тырысады. Бұл бір жағынан шынайы емес көрінеді. Бұл екіжүзділік емес пе?
– Менің АҚШ-та сәтті жобаларымды ілгерілетуде промо-тәжірибем көп емес, сондықтан бұған қатысты ештеңе айта алмаймын.
– Бұл орайда Қазақстандағы жағдайға қандай баға берер едіңіз?
– Осында жұмыс істеген фильмдерді насихаттаудағы тәжірибем туралы айтатын болсақ, мен мұндай нәрселерге бейтарап қараймын. Мен өзіме ұнамаған фильмдердің немесе режиссерлердің жарнамасына қатыспаймын. Менің 120-ға жуық жобам бар, олардың жартысынан көбінің промосын жылжытуға қатыспаппын. Мені мұндай шараға шақырып, мен бас тартқаным себепті қатыспадым дей алмаймын. Мені мұндай шараларға шақырып көрмепті. Егер маған режиссердің жұмыс стилі, оның қарым-қатынасы ұнамаса, ол фильмнің промосына қатысуым үшін продюсер маған қаржылық тұрғыда айтарлықтай жақсы ұсыныс жасауы керек болады. Бірақ ондай ұсыныстар әлі түсіп көрмепті.
– Жақында өткен кино жобаларының питчингінде сіз режиссер ретіндегі дебютіңіз – «Халида» фильмін таныстырдыңыз. Режиссерлік жолыңызды әйел туралы фильмнен бастауыңызға не себеп болды?
– Әйелім Елена Кигай екеуіміз сценарийді бірге әзірледік. Туындының материалын жинауға бір жылға жуық уақыт кетті. Сонда біз көпшіліктен «Халида Маманованы білесіз бе» деп сұрайтынбыз. Сол бір жылдың ішінде бар болғаны төрт адам ғана «иә» деп жауап берді. Бұл жағдай мен үшін өте ауыр әлі әділетсіз көрінді. Оның тағдыры, шыққан тегі (ескерту: ол – Бөрібай батыр, Маман би және Есенғұл Маманов әулетінен шыққан), өмір жолы кез келген басқа елдің мәдениеті үшін нағыз рухани мұра болар еді. Алайда бізде бұл есім мүлде ұмтылған. Біз оны түзеткіміз келеді.
– Қоғам үшін маңызды тақырыптарға арналған қандай фильмдерді көрермендерге ұсынар едіңіз?
– Мұндай фильмдердің қатарына Ларс фон Триердің «Догвилль» туындысын жатқызуға болады. Бірақ бұл фильм мен үшін өте ауыр сынақ болды, оны қайталап көргім келмейді. Балабановтың «Брат» және «Брат-2» фильмдері – өте шебер және кәсіби тұрғыда жасалған, бірақ фашистік, ксенофобиялық кино екені жасырын емес. Сол себепті бұл фильмдерді адамдарға ұсынуға бола ма, жоқ па білмедім. Егер біреу бұл мәселеге көз жеткізгісі келсе, өзі шешім қабылдауы керек. Клинт Иствудтың дилогиясынан «Иводзимадан келген хаттар» фильмі маған өте ұнайды. Тіпті оны Иствудтың «Әкелеріміздің туы» фильмінен де артық көремін. Бұл туындыны мен өте жоғары бағалаймын.

– Балабановтың «Груз-200» фильмі де бар. Оны да көруге ұсына аласыз ба?
– Барлығына емес, себебі адамдардың жүйке жүйесі әртүрлі. Ал кім Ресейдің терең империялық менталитеті қандай екенін көргісі келсе, көрсін. Меніңше, Ресей бар кезде, оның провинциясы бар кезде бұл фильм қашан да өзекті болады.
– Сіз бір кездері Ресейде де тұрдыңыз. Ол жерден кетуіңіздің себебі неде?
– Мен ол жақта қалғым келмеді. Ұлыма да ұнамады. Ол мені ұзақ уақыт бойы үгіттеп, Қазақстанға көшуге көндірді және бұл дұрыс шешім болды. Ұлыма үлкен алғыс, өйткені ол бала кезінде көші-қон мен жаңа ортаға бейімделу қорқынышын жеңіп, менің бұл өзгеріске баруыма себепші болды.
– «Ерекше дәрігер» фильмін ұлыңызға көрсетер ме едіңіз? Мұндай киноны түсіру керек пе?
– Мен бұл сұрақтың мәнін түсінбеймін, «мұндай» деген не сөз? Әр фильмнің өз көрермені бар. «Ерекше дәрігер» бәлкім үлкен коммерциялық жетістікке жетпейтін шығар. Бірақ фильмді таңдауда қандай критерийге сүйену керек? Әр адамның өз көзқарасы бар, фильм өз көрерменін табуы керек. Өз көрерменін табу дистрибуция мен прокат үшін басты мәселе. Ол үшін жақсы жарнама қажет, сонда осы киноға қызығатын адамдар оның түсірілгенін, экранға шыққанын біліп, барып көре алады.
– Көрермендер кинотеатрға барып, «Ерекше дәрігер» фильмін не үшін көруі керек деп ойлайсыз?
– Бұл фильм адамдарға, ең алдымен, олардың адам екенін есіне салады. Адамгершіліктің басты белгісі – эмпатия. Басқаның ауырсынуын өзіңдікі сияқты сезіну, қиын жағдайдағы адамға жанашырлық таныту, оны түсіну, сәйкесінше әрекет ету – бұл адам болудың негізі. Фильмді осы қасиеттерді сақтап қалу үшін көру қажет деп білем.
Сұхбаттасқан Дина Сабирова