16 млн азаматтың жеке деректері таралып кеткен: министрлік жауап берді

Кеше, 16 маусым күні желіде 16,3 млн қазақстандықтың жеке деректері таралып кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы SecuriXy.kz тelegram арнасы бірінші болып хабарлады.
Мәселенің мән-жайы
Телеграм арнаның мәліметінше, 16,3 миллион жазбаны қамтитын қазақстандықтардың жеке деректері бар CSV файл таралып кеткен. Ұрланған жазбалар арасында қазақстандықтардың мынадай деректері бар:
- Аты-жөні;
- Жынысы;
- Туған күні;
- ID идентификатор;
- ЖСН;
- Мобильді телефон;
- Жұмыс телефоны;
- Үй телефоны;
- Азаматтығы;
- Ұлты;
- Мекенжайы;
- Тұрғылықты мекенжайының расталғаны туралы ақпарат;
- Тіркелген күні мен тіркеуден шыққан күні.
Бұл деректермен не істеуге болады?
Таралып кеткен деректер алаяқтар үшін оңай олжа. Арнаның мәліметінше, деректер 13 маусым күні жоғалған. Таралған деректердің дені жүйеге 2011 жылы енгізілген. Ұрланған мәліметтер арасында 2023-2024 жылдардың да деректері бар. Бұл деректерді алаяқтар қылмыстық мақсатта пайдалана алады.
«Таралып кеткен құпия жеке деректер арасында ЖСН және байланыс телефондары бар. Бұл өте қауіпті. Мұндай деректер фишинг, әлеуметтік инженерия, құжаттарды қолдан жасау, телефон алаяқтық үшін падаланылуы мүмкін», – деп ескертеді телеграм арна.
Бұл ақпаратты Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев те растаған.
«Аса ірі көлемдегі ақпарат тарап отыр. Қазір тергеу жүріп жатыр. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінен ақпарат күтеміз, олар да бұл оқиғаны тексеруі керек», – деп мәлімдеген Сәтиев.
Министрлік не дейді?
16,3 млн азамат дегеніміз, электронды базада деректері бар барлық қазақстандықтардың дерегінің таралғанын білдіреді. Бұл оқиғадан кейін Цифрлық даму және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеме жасап, тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректері тарады деген ақпаратқа байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізуде», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Мемлекеттік емес деректер
Құзырлы орган таралып кеткен деректердің мемлекеттік жүйелерден таралмағанын хабарлады. Яғни аталмыш жеке деректер жекеменшік ақпараттық жүйелерден таралған болуы мүмкін.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ», – делінген министрлік жауабында.
Жеке деректер ескі ақпараттық базалардан – негізінен қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынған болуы мүмкін. Сондай-ақ ескі мәліметтер болуы мүмкін.
Десе де, тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау мүмкін емес.
«Егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады. Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады», – деп хабарлайды ведомство.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың көктемінде Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымы клиенттерінің 2 млн-нан астам деректері таралғаны туралы ақпарат тарады.