Қазақстанда балаларға арналған sim-карта пайда болды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстанда балаларға арналған sim-карта
Қазақстанда балаларға арналған sim-карта пайда болды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда балаларға арналған sim-карта пайда болды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратураның мәліметінше, пилоттық жоба Алматы қаласында қосылған. SIM KIDS жобасы кәмелетке толмаған балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғауды көздейді.

SIM KIDS жобасы

SIM KIDS жобасы Бас прокурордың тапсырмасымен жүзеге асырылған. 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі Кешенді жоспарға кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленген.

«Осы бастама аясында Алматы қаласының прокуратурасы TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірлесіп «SIM KIDS» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл интернетке қауіпсіз және бақыланатын қол жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы балалар SIM-картасы», – делінген баспасөз хабарламасында.

Sim-картаның ерекшілігі

Прокуратураның мәліметінше, балаларға арналған sim-карта автоматты түрде зиянды контентті бұғаттап отырады. Картаның бір ерекшелігі баланың телефоны дыбыссыз режимде болса да, ата-ананың баламен байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ ата-аналар баланың қосымшалардағы белсенділігін бақылай алады.

Жоба пилоттық сынақтан сәтті өткен. Қазіргі уақытта sim-картаны кез-келген адам пайдалана алады.

Еске сала кетсек, елде балаларды зорлық-зомбылық пен буллингтен қорғауға баса мән берілуде. Кеше, 16 маусым күні Ерлан Қарин елде 2 мыңға жуық баланың буллингке ұшырап, зорлық-зомбьылық көргені туралы мәлімет жариялады. Сондай-ақ елде кәмелетке толмағандарды қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны жөнінде сөз қозғады.

Сондай-ақ оқыңыз