Қазақстанның Қытаймен арадағы тауар айналымы 44 млрд долларға жетті – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағытауар айналым қаншалықты өскенін айтты / Фото: Ақорда

Орталық Азия елдерінің Қытаймен арадағы сыртқы сауда 95 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналым көлемі 44 млрд долларды құраған. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айтты.

Стратегиялық серіктес әрі нағыз дос

Президент сөз басында Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет білдіргені үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғысын жеткізіп, екі елдің нағыз досқа әрі стратегиялық серкіктеске айналғанын айтқан.

«Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді», – деді президент.

Екі ел арасындағы тауар айналым

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда айналысы артқанын, Қытайды инвестициясы ел экономикасын дамытуға оң әсер етіп жатқанын айтқан.

«Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз