1Fit: Шетелдік нарықты ұмытып, Орталық Азияға фокус қоямыз

Бүгін отандық 1Fit стартапының негізін қалаушы Мұрат Әліханов Малайзия нарығынан кететін хабарлады. Оған дейін компания Мексикада ашылып, бірақ талпынысы сәтсіз болған еді. Шетелдік нарықта жұмыс істеу неге қиын? Ендігі жоспар қандай? Осы жайлы Kursiv Media Мұрат Әліхановқа сауал қойған еді.
Малайзиядағы мәселелердің туындауына не себеп болды?
Компания Малайзияда 600-ден аса фитнес студиямен серіктес болған еді. Жаңа команда жасақтап, бизнесті жолға қою үшін 4 млн доллар жұмсаған. Бірақ кәсіптің жүрмеуіне екінші нарықтағы сәтсіздіктер ықпал еткен.
«Бірақ Мексикодағы жағдай болған кезде, наразы болған қолданушылар әлеуметтік желідегі барлық филиалымызға ашулы пікірлер жаза бастады. Малайзиядағы қолданушылар бұдан зардап шекті», – деп түсіндіреді Мұрат Әліханов.
Оның сөзінше, 1Fit-тың Малайзиядағы пайдаланушыларының 95%-ы – этникалық қытайлар. Олар өте ұйымшыл, біріккен халық. Осы қабілеті сауданың күрт төмендеп кетуіне әсер еткен.
«Олардың Rednote деген қоғамдастығында талқылау болған. Соның нәтижесінде бір күнде барлық сатылым тоқтады. Әдетте күнінен 20 мың долларға сауда жасасақ, бізде бір күнде мың-ақ долларға абонемент сатылды. Жергілікті қызметкерлеріміз кейін себебін түсіндірді», – деді ол.
Оған дейін 1Fit стартапы Мексикада жұмыс істеп бастап, соңы сәтсіздікпен аяқталған. Компания клиенттері мен серіктестері алдындағы қарызын қайтару үшін өте үлкен сомада қаражат жұмсайды. Сондай жағдай болғандықтан, қосымша Малайзияға инвестиция салу тым қиын болды деп түсіндіреді Әліханов.
«Қазақстан мен Өзбекстандағы филиалдан ресурс алуға, үнемдеп, қаржы табуға болатын еді. Бірақ түбінде бәрібір дәл осы нәтижеге келетінімізді түсіндік. Сондықтан жабу туралы шешім қабылданды. Жергілікті заңды сақтап, қолданушылар алдында қажетті қызмет ұсыну үшін заңгерлік фирмамен бірге елдегі кәсіпті аяқтаудың құқықтық жағын қарастырып жатырмыз», – деді ол.
Венчурлық нарықтың жағдай қиын
Әліхановтың түсіндіруінше, бүгінде бизнес үшін венчурлық нарықтан инвестиция тарту қиын. Қазіргі нарық құлдырап жатыр.
«Өкінішке орай, Қазақстанда Series B кезеңінде венчурлық қаражат беретін инвесторлар жоқтың қасы. Шағын сомаға инвестиция салатындар бар. Біз шетелден инвестиция іздедік, бірақ қазір венчур private equity деген форматқа ауысып жатыр. Яғни тәуекелі аз, чегі үлкен, компаниядағы үлесі көп бизнеске оралып жатыр», – деді стартап иесі.
Инвестиция тартуға тағы бір кедергі – шетелдік инвесторлардың Орталық Азия нарығын түсінбеуі.
«Орталық Азиядағы бірінші орындағы фитнес-компаниямыз. Мұны өзіндік бір қарғыс деуге болады, себебі бұл аймақты шетелдік инвесторлар түсінбейді. Біз жергілікті инвесторлардан сұрастырып көрдік. Бірақ бірден екі нарықты жоғалтып отырғанда ақша тарта қою мүмкін емес. Сондықтан Малайзия нарығын құрбан етуге тура келді», – деп түсіндірді Әліханов.
1Fit-тің алдағы жоспары
Мұрат Әліханов ендігі басты назар Орталық Азия нарығы дейді. Қолынан келген, табысқа жеткен нарықпен жұмыс істеуді ары қарай жалғастыра береді.
«Қазір стратегияны өзгертіп жатырмыз, біздегі бар нәрсеге фокус қойдық. Шетелге шығу туралы ойламаймыз. Тек аяғымызда нық тұрғанда, шетелге шығу сансыз көп қаражатты алмайтынын түсінгенде ғана шығамыз», – дейді Әліханов.
Былтырдан бастап шетелдегі нарық үшін компания 7 млн доллар жұмсаған еді. 2023 жылы стартап Ұлыбританиядағы, 2022 жылы Ресейдегі жобасын жапты. Лондонда 1Fit жарты жылдан аз уақыт қана жұмыс істеп, 50 млн теңге шығынға батқан.