Қазақстандық банктер ипотека беруін тоқтатып жатыр ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы банктер қайталама нарықтағы пәтерлер үшін ипотека шартын өзгертіп жатыр, ал кейбірі уақытша тоқтатты. Kursiv нарықта ипотека беретін ойыншылармен байланысып көрді.

Ипотека беруді уақытша тоқтатты

Ипотекасын уақытша тоқтатқан банктің бірі – NurBank.

«Ипотека өнімі бойынша қаржыландыруды уақытша тоқтаттық. Бұл тек уақытша, өнім қайтадан қолжетімді болғанда сіздерге хабар береміз», – деп жазылған банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Дәл осылай «ЦентрКредитБанкі» де қайталама нарық үшін ипотека беруді үзіліске қойған.

«Заңнамадағы өзгерістерге, атап айтқанда, ең жоғары ЖТСМ мөлшерлемесінің шекті деңгейіне байланысты банк ипотекалық бағдарламалар шарттарын қайта қарауда. Өтінімдерді қабылдау жаңа шарттарды техникалық тұрғыда іске асыруға байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Қазіргі уақытта серіктестік ипотека және «7-20-25» бағдарламасы бойынша онлайн-кезек қолжетімді. Алдағы уақытта жаңа мөлшерлемелер бойынша өтінім қабылдауды бастаймыз , – деді ЦентрКредит Банкінің PR-директоры Сәкен Нығмашев.

Осыған дейін Kazinform агенттігі Halyk Bank-тің да ипотекаға өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқанын жазды. Бұл жайлы Kursiv Media банктің баспасөз қызметіне сауал жіберді, бірақ әлі нақты жауап бермеді.

Осыған дейін Kursiv Media Freedom және AltynBank-ке де хабарласқан еді. Олар ипотека ұсынуды тоқтатпайтынын, өтінім қабылдау жүріп жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, осыған дейін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарыққа жаңа өзгеріс енгізді. Енді 15 маусымнан бастап  ипотекалық қарыздың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Яғни ипотека құны да арзандай түседі.

Сондай-ақ оқыңыз