
Израильдің Иран астанасына жасаған шабуылынан жергілікті телеарнаның кем дегенде екі қызметкері қаза тапты. Бұл туралы CNN телеарнасы IRNA агенттігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, жаңалықтар қызметінің редакторы Нима Раджабпур мен әкімшілік қызметкері Масуме Азими шабуыл салдарынан мерт болды. Тағы бір мәліметте телеарнаның үш қызметкері қаза тапқаны айтылды.
Бұған дейін IRIB телеарнасының тікелей эфирі жүріп жатқан уақытта студияға шабуыл жасалғаны мәлім болды. Тікелей эфир видеосы әлеуметтік желілерде таралып жатыр. Студияда жарық сөніп қалғанын, ғимарат соққыдан қозғалып, жүргізуші жүгіріп шығып кеткенін көрермен тікелей эфирден көрді.
Телекомпания ғимаратындағы өрт 17 мауысымда таңертең ғана сөндірілді.
Израиль соққысы Тегеранның үшінші округына жасалғаны мәлім болды. Бұл ауданда кем дегенде төрт аурухана және медициналық орталық, полиция ғимараты және IRIB мемлекеттік телеарнасы орналасқан. Осы ауданға жасалған шабуылдан кем дегенде сегіз адам қаза тапқаны хабарланды.
16 маусымда Израиль әскерінің парсы тілінде сөйлейтін бір өкілі Иран астанасының үшінші округы тұрғындарына тез арада осы ауданнан кетуге кеңес берген.
Сонымен бірге, АҚШ президенті Дональд Трамп та Тегераннан тез арада кетуге үндеген.
Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыс
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.
Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.
Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді.