«Барахолкадағы» автотұрақ орнына қойылған сауда орындары бұзылып жатыр

«Алматы паркинг» «Барахолка» аталып кеткен базарлар желісінің автотұрақтарына заңсыз орналастырылған сауда нүктелерін бұзып жатыр. Бұл туралы Vecher.kz сайты жазды.
Мониторинг барысында автотұрақтарда газ баллондары қолданылып, ашық отта тамақ әзірленетін заңсыз сауда жүргізілгені анықталған.
Алматы паркинг мұндай әрекеттер автотұрақ кеңістігін пайдалану талаптарын бұзып, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтады.
«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен «Адем» СОО алдындағы автотұрақта орналасқан 30 заңсыз құрылым бұзылды. Сонымен қатар, сот «Ялян» СОО жанындағы 37 осындай нысанды сүру туралы шешім шығарды. Сот орындаушылары бұл шешімді орындауға кірісіп, сүру жұмыстары басталып кетті», делінген хабарламада.
«Алматы паркинг» бұл шаралар автотұрақтарды өз бетімен салынған құрылыстардан босатып, қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ тұрақ кеңістігін ретке келтіру үшін қажет деп түсіндірген.
Бұған дейін, Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы «Арыстан» базарының бір бөлігіндегі заңсыз құрылыстарды сүрген.