Перизат Қайрат ісі прокуратураға жолданды: материал 109 томды құрайды

Су тасқынынан зардап шеккен халыққа деп жиналған ақшаны өз мақсатына жұмсап, аса ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваның ісі прокуратураға жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқталған.
2025 жылғы 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісіп, оны аяқтаған.
Залал сомасы 3,5 млрд теңгені құраған.
Ұрланған қаражатқа сатып алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған.
Қылмыстық іс айыптау актісін бекіту және сотқа жолдау үшін Бас прокуратураға берілген.
Бұған дейін, ҚМА Перизат Қайрат су тасқынының зардабын жоюға деп жиналған ақшаны қалай жымқырып, анасы оған қалай болысқанын баяндаған.