2024 жылы бюджет кірісі азайып, шығыны артқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мәди Такиев 2024 жылғы бюджет нәтижесін ұсынды / Фото: Аскар Ахметуллин

Қаржы министрлігі 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі Мәжілістің жалпы отырысында қаралды. Министр Мәди Такиевтің айтуынша, қаржылық қиындықтарға қарамастан, Үкімет бүкіл әлеуметтік міндеттемесін толық орындаған. Алайда бюджет кірісі бойынша жоспар орындалмай, тапшылық көрсеткіші өскені байқалды.

Кіріс жоспары орындалмады

2024 жылы республикалық бюджетке 19,6 трлн теңге кіріс түсті. Бұл – жоспардың 97,2%-ы ғана, яғни шамамен 608 млрд теңгеге кем. Кірістің төмендеуіне бірқатар себептер әсер еткен.

Ең алдымен, геосаяси жағдай мен логистикалық шығындардың артуына байланысты 188 ірі кәсіпорыннан түсуі тиіс салық көлемі 1,4 трлн теңгеге азайған. Бұдан бөлек, мемлекет 1,2 трлн теңге көлемінде қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтарды.

Бұл сома 2023 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Сондай-ақ экспорттық металдар бағасының төмендеуі мен импорт көлемінің азаюы да кіріске кері әсерін тигізген.

Дегенмен, көлеңкелі экономикамен күрес және цифрлық фискалдық әкімшілендіру жұмыстары оң нәтиже берді. Осы бағыттар арқылы бюджетке 1,28 трлн теңге қосымша түсім түсті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға көп.

Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі артты

Былтыр бюджет шығыстар 23,6 трлн теңгені құрап, жоспардың 98%-ы орындалды. 526 млрд теңге қаражат игерілмеген. Шығыстың негізгі бөлігі әлеуметтік сала мен өңірлік қолдауға бағытталды.

Атап айтқанда, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге, ал өңірлерге қолдау ретінде 7,1 трлн теңге бөлінді.

2024 жылы үш ұлттық жоба — «Жайлы мектеп», «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет» жобаларын іске асыруға 751 млрд теңге жұмсалған. Соның ішінде, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 254 мың оқушыға арналған орын ашылып, 105 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. 2025 жылы тағы 112 мектеп іске қосылмақ.

2024 жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге нысаналы трансферт алынған.

Сондай-ақ оқыңыз