Иран-Израиль текетіресі салдарынан қор нарығы құлдырады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Иран-Израиль
Қор нарығы құлдырауына не себеп / Фото: Reuters

Сейсенбі, 17 маусым күні АҚШ-тың негізгі қор индекстері құлдырады. Оған Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық пен АҚШ-тағы экономикалық көрсеткіштердің әлсіреуі себеп болды.

Инвесторлардың сеніміне нұқсан келтірген негізгі фактор — Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің ушығуы және АҚШ-тың қақтығысқа тікелей араласу қаупінің артуы. Trading Economics дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social платформасында Иранға қатысты бірнеше мәлімдеме жасап, «Иран толықтай берілсін» деп талап қойған. Сондай-ақ ол «біздің шыдамымыз шегіне жетті» деп мәлімдеді.

Бұл ретте АҚШ Конгресінде Вашингтонның Иранда әскери операция жүргізуіне тыйым салатын бастамалар дайындалып жатқаны хабарланды.

Экономикалық деректер көңіл көншітпеді

АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы мамырда бөлшек сауда көлемі 0,9%-ға төмендеді. Бұл — соңғы төрт айдағы ең ірі құлдырау.

Сонымен қатар сәуір айына қатысты деректер де қайта қаралды: бұған дейінгі 0,1 пайыз өсім болады деген болжам керісінше төмендеді.

Құрылыс саласындағы сенім де төмендеп барады

АҚШ құрылыс компанияларының экономикалық жағдайға деген сенімі де нашарлады. Маусым айында олардың сенім индексі 32 пунктке дейін төмендеді (мамырда – 34 пункт). Бұл — 2022 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі деңгей. Айта кетейік, 50 пункттен төмен нәтиже құрылысшылардың басым бөлігі нарықты қолайсыз деп санайтынын білдіреді.

Ірі компаниялар акциялары арзандады

Салдарынан кейбір ірі корпорациялардың акциялары да біршама арзандады:

T-Mobile бағасы 4,1%-ға төмендеп, 221,43 долларды құрады. Бұған SoftBank Group-тың T-Mobile акцияларын 224 доллар бағамен сатуы себеп болды — бұл дүйсенбі, 16 маусым күнгі жабылу бағасынан 3%-ға төмен.

Eli Lilly акциялары 2%-ға арзандады. Компания Verve Therapeutics биотехнологиялық компаниясын 1,3 млрд долларға сатып алмақ. Осы жаңалықтан кейін Verve акциялары 81,5%-ға шарықтап, 11,38 долларға жетті.

JetBlue Airways акциялары 7,9%-ға құлдырады. Компания басшылығы сұраныстың төмен болуына байланысты шығындарды азайту шараларын қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл жаңалық United Airlines (-6,2%), Delta Air Lines (-4,3%), және American Airlines (-3,1%) сынды өзге әуе компанияларының бағамына да кері әсер етті.

Технологиялық алпауыттар да құлдырады: Apple (-1,4%), Boeing (-0,7%), Microsoft (-0,2%), Tesla (-3,9%), Amgen (-1,9%), Alphabet (-0,5%), Adobe (-4,7%).

Нарықтағы жалпы теріс көңіл-күйге қарамастан, мұнай бағасының өсуі мұнай өндіруші компаниялар акцияларының қымбаттауына ықпал еткен. Мәселен, Exxon Mobil бағамы 1,4%-ға, ConocoPhillips – 0,5%-ға, Marathon Petroleum – 2%-ға, ал Chevron Corp. акциясы 1,9%-ға өсті, бұл – Dow Jones индексі құрамындағы ең жоғары өсім болды.

Дегенмен бұл оң динамика жалпы нарықты құтқара алмады: Dow Jones 0,7%-ға төмендеп, 42 215,8 пунктке жетсе, S&P 500 0,84%-ға құлдырап, 5982,72 пунктті, ал Nasdaq Composite 0,91%-ға төмендеп, 19 521,09 пунктті құрады.

Сондай-ақ оқыңыз