
Қазақстан азаматтары Ұлттық қор қаржысының нақты қайда және қалай жұмсалып жатқанын білмейді. Бұл мәселені Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Стамбеков көтерді. Ол Ұлттық банк әлі күнге дейін халықаралық стандарттарға сай толық есеп бермей отырғанын сынға алды.
Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де Ұлттық банктің есептері толық емес екені көрсетілген.
«Есепте валюталар, қаржы салынған елдер, инвестициялардың табыстылығы, стресс-тест нәтижелері мен бақылау жүйесі туралы дерек жоқ. Ал Норвегия, Сингапур, Абу-Даби сияқты ірі қорлар мұндай мәліметті ашық жариялайды», – деді Стамбеков.
Депутат Ұлттық банк неге осы күнге дейін халықаралық тәжірибені енгізбегенін сұрады. Ол азаматтардың қаражат қозғалысын бақылауға құқығы бар екенін еске салды.
Мәжілісменнің сұрағына жауап берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев кейінгі жылдары есептің не себепті толық жарияланбағанын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл шешім халықаралық арбитраж да қаралған сот процестерімен байланысты болған.
«Соңғы жылдары бұл ақпарат толығымен жарияланған жоқ. Себебі халықаралық арбитражда резонансты істер қаралды. Жақын арада жарлық шығады, биылдан бастап осы есеп толығымен жарияланатын болады. Бұл жерде инвестициялық көрсеткіштер де, мемлекеттер бөлінісінде де және табыстылыққа қатысты, валютаға қатысты бүкіл ақпарат болады»,- деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев.
Жамаубаевтың айтуынша, енді ашықтықты қамтамасыз ету үшін есеп ай сайын және тоқсан сайын Ұлттық банк сайты мен БАҚ бетінде жарияланбақ. Қазір Ұлттық қорды арнайы кеңес басқарып, қор қаражатын тиімді игерілуін арнайы комиссия бақылайды. Сондықтан ҰБ өкілі қорды бақылайтын басқа ұйым құру жоспарда жоқ деп мәлімдеді.
2024 жылдың соңында Қазақстан үкіметі мен шетелдік кәсіпкерлер арасында 14 жылға созылған, ірі халықаралық соттарда қаралған дауға нүкте қойылды. Алайда Үкімет пен Ұлттық банк «мәміле шарты – құпия» деген желеумен ағайынды Статилермен қандай шарттарда келісімге келгенін ашық жарияламады. Тек Статилердің Ұлттық қор активтеріне қойған талаптарынан бас тартқаны белгілі.