
«Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында ел аумағында барлығы 19 377 көлік сатылған. Оның ішінде 18 576 жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктер, ал 801 техника – жүк көліктері мен автобустар бар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51,4%-ға артық (мамыр 2024 – 12 796 көлік).
Жалпы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында елімізде 85 467 авто сатылды. Бұл өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 28,7%-ға жоғары (2024 жылғы қаңтар-мамыр – 66 401 бірлік).
Қазіргі нарықтағы жағдай
«2025 жылдың мамыры оң серпіннің сақталғанын көрсетті: дилерлер банктермен күш біріктіріп, жаңа автокөліктерді адамдар үшін қолжетімді жағдай жасап жасауда», – деп түсіндірді ҚАО президенті Анар Макашева.
Оның айтуынша, аталған үрдіс тұтынушылардың тарапынан қолдау тауып, нарықта сұраныс артты. Осы факторлардың ықпалы нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы бес айында көлік саудасы қыза түскен.
«Жалпы, бұл ұлттық нарық үшін жақсы көрсеткіш. Қаңтар мен мамыр арасындағы бір автомобильдің орташа құны 15,9 млн теңге шамасында. Былтырғы баға да осыған жақын, тек ол кезде орташа чек 16,1 млн теңгені құрады. Сонымен қатар ел тұрғындары заманауи, технологиялы модельдерге көп қызығатынын байқап отырмыз. Біздің болжам бойынша бұл тренд жыл аяғына дейін сақталады және 2025 жылды қорытындылаған кезде сауда көлемі тарихи межеге жетуі мүмкін», – деді ҚАО президенті.
Брендтер мен модельдер көшбасшылары
Мамыр айында ең көп сатылған көлік бренді ретінде Hyundai дәстүрлі түрде бірінші орында – 4 004 көлік сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 66,3%-ға көп. Екінші орында Chevrolet – 2 344 бірлік (+74,3%), ал үшінші орында Kia – 2 004 көлік (+5,3%).
Changan биыл алғаш рет төртінші орынға шығып, 1 526 бірлік сатқан (+124,7%), осылайша Chery маркасын бесінші орынға ығыстырды (1 367 бірлік; +47,1%). Бұдан кейінгі орындарда:
- Jetour – 1 278 (+92,5%)
- Haval – 1 141 (+92,7%)
- Geely – 1 009 (+124,2%)
- Toyota – 812 (+42,2%)
- JAC – 794 (-22,8%)
Ең танымал модель
Мамырдағы ең танымал модельдер арасында көш бастап тұрған – Chevrolet Cobalt (1 869 дана). Одан кейін – Hyundai Tucson (1 554 дана) және Kia Sportage (995 дана).
Changan CS55 Plus алғаш рет төртінші орынға көтерілді – 864 дана сатылған. Бесінші орында – Hyundai Mufasa (581 дана). ТОП-10 тізімін келесі модельдер жалғастырады:
- Chery Tiggo 2 (566 дана)
- Haval M6 (553 дана)
- Hyundai Santa Fe (506 дана)
- Jetour X50 (455 дана)
- Hyundai Elantra (445 дана)
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы
Қаңтар-мамыр айларында ең көп сатылған бренд – Hyundai (20 102 көлік; +36,5%). Екінші орында – Chevrolet (11 078 дана; +79,9%), ал үшінші орында – Kia (9 116 дана; +6,7%).
Келесі орындарда:
- Chery – 5 898 (+9,2%)
- Jetour – 5 749 (+78,2%)
- Haval – 4 769 (+36,4%)
- Geely – 4 498 (+71,2%)
- Toyota – 3 710 (+9,6%)
- JAC – 3 875 (-3,7%)
- Changan – 3 847 (+4,1%)
Айтарлықтай өсім көрсеткендер қатарында Skoda (+1201,4%), Lada (+177,1%) және Kamaz (+75,6%) бар. Ал Lexus (-31,7%), Subaru (–13,2%) және Omoda (-24,0%) секілді брендтерде кері динамика байқалады.
Қазақстандағы автонарық сенімді өсім көрсетуде. Автокөліктердің қолжетімділігі, үлгілердің жаңаруы мен технологиялық дамуы тұтынушылар сұранысын арттыруда. Қазіргі үрдіс сақталса, 2025 жыл көлік сатылымы бойынша рекордтық жылға айналуы мүмкін.
Еске сала кетсек, Қытайда автокөлік бағасы төмендеді. Аспан асты елінде өндірушілер жаппай жеңілдіктер ұсынуға кіріскен.