Вячеслав Кимнің жолы: қарапайым кәсіпкерден ең ықпалды бизнесмендердің біріне айналу

Жарияланды 18 Маусым 2025 10:22

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Вячеслав Ким / Ашық дереккөздерден

Вячеслав Ким – экономист, қаржыгер және Қазақстандағы ең танымал кәсіпкердің бірі. Ол 1969 жылы 12 маусымда Алматыда дүниеге келген. Кәсіпкерлік жолында ол тұрмыстық электроника сататын дүкендер желісінен бастап, еліміздегі ең ірі финтех-компаниялардың бірі – Kaspi.kz-тің негізін қалаушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің төрағасына дейінгі жолдан өтті. Сонымен қатар, ол қайырымдылық пен қоғамдық жобаларға белсенді қатысады.

Білімі мен әскери қызметі

Вячеслав Ким 1986 жылы Республикалық физика-математика мектебін (РФММ) тәмамдады. 1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде оқып, экономист-қаржыгер мамандығы бойынша диплом алды. Ал 2002 жылы Ресей-Қазақстан қазіргі заманғы гуманитарлық университетін бітірді. 1987-1989 жылдары КСРО Қарулы Күштерінде әскери борышын өтеген.

Кәсіпкерлік жолының бастауы

Вячеслав Ким Қазақстан тәуелсіздік алған тұста кәсіп бастаған, қазақстандық бизнестің алғашқы қарлығаштарының бірі. 1990 жылы серіктесімен бірге алғашқы жобасы – Коновалов көз клиникасын ашты. Кейін тұрмыстық электроника сату және дистрибуция саласында жұмыс істеді. «Планета электроники» дүкендер желісін құрып, оны Қазақстандағы ең ірі сауда желілерінің біріне айналдырды. 

Вячеслав Ким / Ашық дереккөздерден

2003-2004 жылдары Қазақстандық тауар өндірушілер мен техника қауымдастығының бақылау кеңесінің төрағасы болды. Содан кейін екі жыл мемлекеттік құрылымдарда қызмет етті: Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның экономика жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.

Kaspi.kz: ритейлден финтехке дейінгі трансформация

Вячеслав Кимнің бизнестегі ең айтулы жобасы – Kaspi.kz компаниясы. Кәсіпкер 2000 жылдардың басында Каспий банктің иесіне айналды. Кейін банктің негізінде Kaspi экожүйесі құра бастады. 

2007 жылы Baring Vostok-пен серіктестік орнатты, кейін инвестициялық қордың серіктесі Михаил Ломтадзені Каспий банкке шақырып,  оны цифрлық экожүйеге айналдыру жұмысы басталды. Қаржы институты біртіндеп банк қызметінен онлайн төлем, маркетплейс және мобильді қосымша арқылы көрсетілетін әмбебап цифрлық экожүйеге айналды. 

Ал 2020 жылы компания Лондон қор биржасында IPO өткізді, ал 2024 жылы – NASDAQ биржасына шықты. Осы кезеңде Кимнің акциялар пакеті 1,9 млрд доллар шамасында бағаланды. 

Forbes рейтингі және байлығы

Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы жаңа рейтингінде Вячеслав Ким Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде бірінші орынды сақтап қалды. Оның капиталы 5,8 млрд доллардан 7,1 млрд долларға дейін өсті. Бұл өсім Kaspi.kz компаниясының табысты дамуына байланысты болды.

Сондай-ақ кәсіпкер Magnum Cash&Carry бөлшек сауда желісінің түпкі бенефициары болып табылады. Сонымен қатар, ол «Алсеко», ELTOP Soft (Астана-ЕРЦ арқылы коммуналдық төлемдерді қабылдайды), сондай-ақ «Позитив Инвест» мұнай компаниясында үлеске ие.

Вячеслав Ким / Ашық дереккөздерден

Биылғы жылғы Forbes тізіміндегі алғашқы алты орынды иеленген бизнесмендердің ішінде:

  • Вячеслав Ким – 1-орын
  • Тимур Турлов – 2-орын (5-орыннан көтерілді)
  • Владимир Ким – 3-орын (4-орыннан көтерілді)
  • Тимур және Динара Құлыбаевтар – 4-орын (2-орыннан төмендеді)
  • Болат Өтемұратов – 6-орын

Бұл алты кәсіпкердің жиынтық байлығы бір жыл ішінде 7,2 млрд долларға артып, 27,6 млрд долларға жетті.

Alatau City Bank – жаңа кезеңнің бастауы

Биыл Вячеслав Ким Қазақстан қаржы нарығындағы ірі мәміле жасасты – Jusan Bank-ті сатып алуға реттеушіден рұқсат алды. Банк «First Heartland Jusan Bank» құрылымы арқылы сатып алынды. Осы мәміленің аясында Ким жаңа акционерлердің қатарына енді. Бұл қадам Кимнің финтехпен қатар дәстүрлі банктік секторғы ықпалын күшейтті.

Осы мәміле қарсаңында Jusan Bank атауы Alatau City Bank деп өзгерді. Кейінірек Ким AIF-2025 форумында Alatau City -ге 1 млрд дорллар инвестиция салатынын айтты. 

«Біз басқа ірі инвесторларды күтпейміз. Біз ұлттық инвестормыз және бірінші кезеңде $1 млрд құямыз», – деді ол.

Басқа жобалар

Вячеслав Кимнің басқа да бірқатар компанияларда үлесі болды және әлі де кейбір компанияларға иелік етеді. Олардың ішінде: 

  • 2013 жылдан бастап – Kolesa Group тең иесі;
  • 2015 жылдан бері – «Алсеко» IT-компаниясында үлесі бар;
  • 2016–2019 жж. – «Allur Group» директорлар кеңесінің мүшесі;
  • 2017–2019 жж. – Magnum желісінің бақылау кеңесінің төрағасы;
  • 2021–2022 жж. – «Самұрық-Қазына» қорында тәуелсіз директор болды. 

Қоғамдық жұмыс пен қайырымдылық

Вячеслав Ким Қазақстандағы ең қайырымды адамдардың бірінің қатарына кіреді. Кәсіпкер қайырымдылық, қоғамдық және әлеуметтік жобаларға белсенді атсалысады. Мысалы, 2013-2024 жылдары – Таэквондо ұлттық федерациясының президенті болды. Ал 2016-2019 жылдары – Кендо және иайдо федерациясының президенті қызметін атқарды. Бүгінде Fizmat қоры, KazakhGeography, «Ана үйі» жобаларының қамқоршылық кеңесі мүшесі. 2024 жылы Añsa Foundation атты жеке қайырымдылық қорын құрды. 

Пандемия кезінде Kaspi.kz 100 ИВЛ аппараты мен 100 жедел жәрдем көлігін мемлекетке тегін берді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Ким мен Ломтадзе шағын бизнеске 579 млн теңге көмек көрсетіп, «Қазақстан халқына» қорына 10 млрд теңге бөлді.

Вячеслав Ким – тек Қазақстандағы ең бай адам ғана емес, экономика мен цифрлық секторды трансформациялауға ықпал етіп отырған тұлғалардың бірі. Білетіндер, стратегиялық ойлау, әлеуметтік жауапкершілік пен табандылық – оны еліміздегі ең ықпалды кәсіпкерлердің біріне айналдырды, дейді. Ким тәуелсіз Қазақстанда бизнесті бастады, дамытты, Қазақстан экономикасының дамуы мен цифрлануына айтулы үлес қоса отырып, жетістікке жетті. Made in Kazakhstan деген атымен белгілі брендтерді дамыта отырып, өзі де еліміздегі айтулы брендтердің біріне айналды. 

Сондай-ақ оқыңыз