Жаңалықтар

Квазимемлекеттік сектор активтерді ұтымсыз басқарып отыр – Смайылов

Смайылов квазимемлекеттік сектор активтерді ұтымсыз басқарып отырғанын айтты / Фото: Жоғары аудиторлық палата
Смайылов квазимемлекеттік сектор активтерді ұтымсыз басқарып отырғанын айтты / Фото: Жоғары аудиторлық палата

Квазимемлекеттік сектор активтерді ұтымсыз басқарады. Бұл туралы Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Активтердің ұтымсыз басқарылуы

«Квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерді ұтымсыз басқару фактілеріне жол беріп отыр. «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы жеңілдікпен берілетін ресурстарды түпкілікті алушыларға жеткізу мерзімін ұзаққа созады. Жобаларды іріктеу процессі жеткілікті түрде ашық емес. Мәлімделген KPI-ға жете бермейтін қарсы міндеттелемер мүлдем қарастырылмаған жобаларға қолдау көрсетіледі», – дейді палата төрағасы.

Сонымен бірге Смайылов квазимемлекеттік сектордағы жекешелендірудің де дұрыс жүргізілмей жатқанын, 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру қарқыны төмендеп кеткенін айтты.

«2024 жылы небәрі 14 объект сатылды», – деді Смайылов.

Сондай-ақ бас аудитор «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 239 млрд теңге болатын тау-кен, металлургия және өнеркәсіп салаларындағы 13 жобаны тоқтатқанын. Ал жоспарлы соманың 101 млрд теңгесі игеріліп қойғанын айтты.

Республикалық бюджетті орындаудағы олқылықтар

Жиында Әлихан Смайылов бюджеттік жоспардың орындалуына қатысты да бірқатар олқылықтарды атады. Олар келесідей:

  • мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторына және 20 нысаналы индикаторына қол жеткізілмеген;
  • 2024 жылғы кірістер бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен шыққан;
  • Салықтық тексерулер санының артқанына қарамастан,өндіріп алу проценті екі еседен астам төмендеген;
  • 2024 жылы салық жинау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,7% төмен болған;
  • Ұлттық қордан берілетін трансферттерді де көбейген;
  • Бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,6%-ы диапазонында ұстау мақсаты орындалмаған;
  • Мұнайға қатысты емес тапшылықтың белгіленген лимиті сақталмаған;
  • 2024 жылы бюджетке 13 рет өзгеріс енгізіліп, 56 млрд теңгеге 112 бюджеттік инвестициялық жоба қаржыландыру жоспарынан алынып тасталған.

Осыған дейін Жоғары аудиторлықт палатаның «ҚазМұнайГаз» бен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне тексеріс жүргізетіні айтылған болатын. Ол кезде компанияларының активтерді пайдалану тиімділігі мен Ұлттық холдингтің қарызды басқару тиімділігі тексерілетіні айтылды.