
Мемлекеттік грантта педагог мамандығына оқығандардың 90%-ы оқуды бітірген соң жұмысқа тұра алмаған. Бұл туралы Мәжілісте депутат Нұргүл Тау айтты.
Депутат педагог кадрлар даярлаудың тиімді жүргізілмейтінін, салада жылдар бойы жиналған қателіктер әлі шешілмегенін алға тартты. Айтуынша, мемлекеттік тапсырыс нақты қажеттілікті есептемей, еңбек нарығындағы жағдайды ескермей жүзеге асырылған.
«13 905 қосымша грант артық шығындалған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектердің 90% жұмысқа орналаспаған. 35 мыңнан астам педагог жұмыссыз. Ал 60 мыңнан адамның жұмыспен қамтылуы туралы мүлде дерек жоқ. Неліктен Үкімет мемлекеттік білім беру жүйесінде сұранысқа ие емес мамандарды даярлауға миллиардтаған қаражат жұмсайды?», – деп сұрады депутат.
Қошанов мемлекеттің миллиардтаған қаражаты далаға шашылып жатқанын айтты.
«Бұл өте маңызды мәселе, демек, мемлекеттің қаражаты далаға шашылып жатыр. Грантта оқыған мамандардың 90%-ы жұмыспен қамтылмаған деп отыр депутат. Бұл аудит қорытындыларында да бар», – деді Ерлан Қошанов.
Саясат Нұрбек аудитте айтылған 60 мың адамның жұмыспен қамтылғанын айтып ақталды.
«Қазіргі таңда жүйелі шаралар қабылданды», – деді министр.
«Қазіргі таң бар. Ал біз кешегі таң туралы айтып отырмыз ғой. Қазіргі таңдағыны келесі жылы сөйлесерміз», – деп сынады Мәжіліс төрағасы.