
Бейнеуде қаптап кеткен қара қоңыздармен тұрғындар өздері күресуі керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Бейнеу аудандық инспекциясы хабарлады.
Инспекция мәліметінше, қара қоңыздың ғылыми атауы – Tenebrionidae. Бұл жөндіктің 15 000-ға жуық түрі бар екен. Жәндіктердің адам үшін зияны жоқ және ешқандай қауіп төндірмейді. Қоңыздар – табиғи-климаттық жағдайлардың әсерінен қаптап кеткен.
Зиянсыз болғанымен, олардың жаппай таралуы эстетикалық және санитарлық тұрғыдан қолайсыздық туғызып, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып отыр.
Ал ҚР өсімдіктерді қорғау заңында (14-5) сәйкес жеке және заңды тұлғалар зиянды организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеуі керек делінген. Яғни бұл әркім өз аумағын таза ұстауға міндетті дегенді білдіреді.
«Бұл жөнінде тұрғындарға айтарымыз аудандағы фитосанитариялық жағдайды ҚР ауылшаруашылық министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция кадағалап бақылайды. Ал енді ауыл тұрғындарына айтатын болсақ, заңда айтылғандай жекеменшік өз аулаларын, жер телімдерін таза ұстауға, зиянды организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеу керек, сол үшін әрбір жеке тұрғындар қара қоңызды өздері фитосанитариялық шараларды ұйымдастырып жоюы керек. Ол үшін дезинфекция жасайтын мекемелерге хабарласу керек», – делінген жауапта.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде Бейнеу ауданының тұрғындары салған қара қоңыздарға қатысты видеолар көбейді. Бұл видеолардан тұрғындардың әбігерге түскенін, балалардың шошып жылап жатқанын байқауға болады. Көшелер мен дүкендерді басып алған қоңыздар терезеден үй ішіне де жайылып, қолайсыздық тудырған.