Алматыны дүр сілкіндірген терроршыны тоқтатқан Аян Ғалиевтің ерлігі

Аян Ғалиевтің ерлігі алматылықтардың жадынан өшпейтіні анық. Алып қаланы дүр сілкіндірген аса қауіпті терроршыны тоқтатқан бүгінгінің батыры.
Бұдан дәл тоғыз жыл бұрын, 2016 жылы 18 мамырда Алматы қаласын дүр сілкіндірген оқиға болды. Екі миллион халқы бар алып шаһар үрей құшағына кірді.
Мемлекетке шабуыл
Сот жүйесіне қастандық ойластырылып, қауіпсіздік, құқыққорғау қызметкерлеріне оқ жаудырылды. Алматының Алмалы ауданы ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің өзіне шабуыл жасалды. Кейін анықталғандай, бұл мағынасыз қырғында полицияның 8 қызметкері мен екі тұрғын опат болды.
Алматыда террорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Ығы-жығы қала сілтідей тынды. Сол күні көшелерінде жан адам кездеспеді. Бәрі үйді-үйіне тығылды. Жұмыстағылар ғимараттан шығуға қорықты. Ол кезде осыншама қанқұйлы әрекетті жалғыз адам жасады деп ешкім ойламаған еді. Сыбайластары тұтқиылдан екінші шабуыл жасауы мүмкін деп күтті. Алайда ол жалғыз еді – Руслан Күлекбаев.
Аян Ғалиев ерлігі
Лаңкестің қолынан қаза тапқандарды саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін еді. Тіпті, ондаған адамның кепілдікке алынуы да ғажап емес еді. Егер полиция қызметкері Аян Ғалиев ерлігі болмағанда. Қолында жойқын қаруы – автоматы бар терроршыдан, жаңбырша жауған оқтан қаймықпай, ұрысқа түсті. Оны ешқайда қаша алмайтындай етіп ауыр жарақаттап үлгерді. Қантөгісті тоқтатқанымен, полиция қызметкері Аян Ғалиевтің өзі де ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.
Аян Ғалиев 1974 жылы туған. 1997 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Он жыл бойы Алматыдағы мемлекеттік кірістер департаментінің қауіпсіздігіне жауапты болды. Аян Ғалиев болмағанда, осы ғимараттағы салық төлеушілер мен қызметкерлердің өміріне қауіп төнуі әбден мүмкін еді. Аян Ғалиевтің сол күні көп адамның өмірін сақтап қалғаны анық.
Батырдың опат болған серіктері
Оның артында он жасар қызы мен он жыл күткен небәрі жеті айлық ұлы қалды. Алматыдағы мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері оның ерлігін ұдайы жанында ұстап келеді. Аян Ғалиевтің рухына тағзым етіп, ерлігін ешқашан ұмытпайтынын әлденеше рет мәлімдеді. Күнделікті өмірде ұдайы күлімсіреп жүретін жайдары адам ретінде естерінде мәңгі қалып отыр.
Рас, жан-жағын жайпап, өлім оғын сеуіп жатқан қауіпті терроршыны Аян Ғалиев тоқтатты. Бірақ оған дейін де кеудесін оққа төсеген азаматтар болған еді. Лейтенант Мейрамбек Рахматуллаев алғашқылардың бірі болып қауіпті қылмыскердің жолын бөгеуге ұмтылды. Серік Әбілдаев, Бауыржан Нұрмаханбетов, Мақсат Сәлімбаев та сол күні алматылықтардың қауіпсіздігі үшін өмірін қиды.
Сол күні алматылықтар да оқ тиіп жарақат алған полиция қызметкерін құтқару үшін аянып қалған жоқ. Гүл шоқтарын қойып, қан тапсырып жатты.
1000-нан аса полицей қаза тапқан
Әрине, терроршы өз жазасын алды. Дүние-мүлкін тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ең ауыр үкім – өлім жазасы тағайындалды. Тіпті, түрмеде теріс ағымға түскенін, адасқанын айтып, өкініш те білдірген көрінеді. Алайда, бәрі тым кеш.
Айта кететін, жайт, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 70-тен астам полиция қызметкері опат болған. Ал елімізде оққа ұшқан қызметкердің саны 1000-нан асады.
Аса қауіпті қылмыскерге қарсы тұрған Аян Ғалиевтің және оның әріптестерінің ерлігі ұмытылмауы, дәріптелуі тиіс.
Сондай-ақ Алматы қаласында құқық қорғау органдары ауыр қылмыстарға қатысы бар топты ұстады.