
Назарбаев Университеті жатақханасында студент қыздың мәйіті табылды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Tengrinews ақпаратына қарағанда, ІІМ және университет ресми түсініктеме берді.
Университет қайғыра көңіл айтты
Назарбаев Университеті жатақханаларының бірінде студент қыздың мәйіті табылғаны туралы ақпаратты университеттің баспасөз қызметі растады. Оқиға орнына құқық қорғау органдары мен психологтар тартылған.
«Біз бұл қайғылы оқиғаға байланысты марқұмның жақындарына көңіл айтамыз. Оқиға толық бақылауда. Университет тарапынан материалдық және моральдық қолдау көрсетілуде», – делінген ресми мәлімдемеде.
Университет өкілдері қоғамнан құрмет пен сабыр сұрап, расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.
ІІМ мәліметі
Бүгін Мәжіліс кулуарында Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.
«Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Барлық мән-жайлар анықталуда», – деді министр.
ІІМ ақпаратына сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, студенттің өліміне қатысты барлық жағдайлар мұқият тексерілуде.
Сондай-ақ, Саясат Нұрбек оқуға қабылдау мен әскерге шақыру уақытын сәйкестендіру керек екенін мәлімдеген еді.