Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімі бойынша тергеу жалғасып жатыр – ІІМ

Нұрғанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі мен Қаржаубай Нұрымовтың Талғардағы үйін өртеу ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Азаттық ақпаратына қарағанда, бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.
Екі іс те тергеу сатысында
Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сәрсенбі күні журналистерге берген жауабында Қаржаубай Нұрымовтың үйінің өртенуі мен Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қылмыстық істердің тергеу сатысында екенін мәлімдеді.
«Іс арнайы прокурордың өндірісінде. Ол жақта тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу амалдарына қатысты түсініктеме бере алмаймын. Бәрін бақылауда ұстап отырмыз» – деді министр.
Ғайыпбаевтың өлімі: суицид пе, әлде қастандық па?
Министрдің айтуынша, Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты да тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін полиция марқұм өз-өзіне қол салды деген нұсқаны алға тартқан. Алайда марқұмның туыстары бұл тұжырыммен үзілді-кесілді келіспеген еді.
Қайғылы оқиға қалай өрбіді?
Былтыр күзде Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың бір топ адамның қолынан қаза тапты.
Арада көп өтпей, Шерзаттың отбасылық үйі өртеніп, оның жақын бауыры Нұрғанат Ғайыпбаев жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Үкім шықты, сауал қалды
Жуырда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі аяқталып, сотталушыларға 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Алайда қайғы жамылып отырған отбасының үйінің өртенуі мен Ғайыпбаевтың жұмбақ өліміне қатысты тергеу нәтижесі әлі жарияланбаған еді.
Мұның алдында Қаржаубай Нұрымов айыптылардан өндірген ақшаны балалар үйіне аударатынын мәлімдеді.