Жаңалықтар

Дональд Трамп TikTok-ты бұғаттау туралы шешімді тағы ұзартты

Фото: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп танымал TikTok әлеуметтік медиа платформасын бұғаттау туралы шешімінің күшін тағы ұзартты. Бұл туралы NBC News жазады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok техникалық тұрғыдан АҚШ-та тыйым салынған қосымша болып саналады. Бірақ Трамп ол бұйрыққа қол қоюға асығар емес.

«Президент Трамп мұны бірнеше рет айтқан — ол TikTok-тың көлеңкеге кетуін қаламайды», — деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролин Ливитт.

Оның айтуынша, осы жолы Трамп шешімін тағы 90 күнге ұзартып отыр. Осы уақыт ішінде әкімшілік аталған мәмілені аяқтау үшін жұмыс істемек.

Трамп бұған дейін де TikTok-ты бұғаттамақ болған. Ол TikTok-тың АҚШ-тағы активтерін америкалықтарға сатуды талап етіп отыр. Бірақ әлеуметтік желінің иесі, ByteDance компаниясы оған қарсы болып отыр. Осы қайшылыққа байланысты сәуірде келісімге қол қойылмай, кейінге қалды.