
Малайзиялық Proton Holdings Berhad компаниясы Қазақстанда e.MAS брендінің электромобильдерін шығарады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың шетелдік компания басшылығымен кездесуінде белгілі болды.
Малайзиялық Proton Holdings Berhad осы жылы Алматы мен Қостанайда екі жаңа зауыт салуды жоспарлап отыр. Олар жылына 190 мыңға дейін автокөлік шығарады деген уәде береді.
Proton Holdings Berhad – малайзиялық ірі автоалпауыт. Ел үкіметінің араласуымен ұлттық автомобиль бренді ретінде құрылған. Ең алғашқы Proton 1985 жылы шығара бастады. Ал 2024 жылдың соңында нарыққа тұңғыш электромобилін таныстырды. e.MAS 7 кроссовері 24 мың долларға бағаланды.
Қазақстанда жеңіл автокөлік нарығы ұлғайып келеді. Министрлік дерегінше, былтыр 134 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылды. Елімізде KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Jetour брендтері жұмыс істейді.
Жалпы биыл көлік нарығында электромобильдер алға шығып келеді. Экологияға көп зиян тигізбейтін автомобильдер Еуропа нарығында ерекше танымал.
Тіпті әйгілі Toyota компаниясы да Toyota bZ5X атты электр көлігін таныстырды.