
«Свет Салтанат» атты қазақстандық әлеуметтік жоба халықаралық беделді «Канн арыстандары» фестивалінің Real-Time Contextual Content (Нақты уақыттағы контекстік контент) санатында күміс жүлде жеңіп алды. Бұл – ел тарихындағы осындай деңгейдегі алғашқы марапат. Жобаны Citix технологиялық компаниясы мен GForce Grey креативті агенттігі бірігіп жасаған.
Оның мақсаты – жасанды интеллект көмегімен Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық оқиғаларының нақты уақытта қаншалықты жиі тіркелетінін көрсетеді.
Жобада Алматыда 60-жылдары орнатылған «Салтанат» деген неонды жазу бар. Қазір бұл жазу әрбір жаңа зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген сайын жыпылықтап жанады. Сол ақпараттар ел бойынша 100-ден астам Citix цифрлық экранында да жарияланды. Жоба бір айға созылды.
«Бұл – ерекше сәт. Қазақстанда дүниеге келген оқиға әлемдегі ең ықпалды креативтік сахнадан үн қатты», – деп жазды Citix компаниясы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жоба Салтанат Нүкенованың қайғылы оқиғасына негізделген. Ол бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың жары, күйеуінің қолынан қаза тапқан. Оның өлімінен кейін Салтанаттың есімі отбасылық зорлық-зомбылықпен күрестің символына айналды.
«Свет Салтанат» жобасының Канн фестивалінде күміс жүлде жеңіп алуы еліміздің тарихы үшін маңызды жүлденің бірі. Ал GForce Grey агенттігі үшін бұл қатарынан екінші Канн арыстаны. 2024 жылы креативті агенттік Қазақстанға алғаш рет Канн фестивалінен алтын жүлде әкелген(«Қазақстанның ұлттық спорты» жобасы үшін).
Citix бұл фестивальге алғаш рет қатысып, бірден жеңіске жетті. Компания бүгінгі таңда сыртқы жарнама нарығындағы көшбасшылардың бірі деп есептеледі.
Cannes Lions – жарнама, дизайн және қоғамдық коммуникациялар саласындағы ең ірі халықаралық фестиваль. Бұл байқауда жобаның идеясын, орындалуын және көтеріп отырған тақырыбының маңыздылығына ерекше назар аударады.