Автобус апатынан зардап шеккен Алуа мемлекеттен қандай көмек алады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова автобус апатынан екі аяғынан айрылған кішкентай Алуа мемлекеттен қандай көмек алатыны туралы айтып берді.
18 маусым күні Астанада парламенттегі журналистер сауалына жауап берген министр Жақыпова 8 жастағы Алуа Бекенге қандай көмек көрсетілетіні туралы мәлімет берді.
«Апат болған күннің ертесіне соған кінәлі тарап 19 млн теңге сақтандыру төлейтінін жариялады. Мемлекет оны (Алуаны) өмір бойы қамқорлығына алады. Қызды да, анасын да.
Екі аяғынан айрылған азамат бірінші топтағы мүгедек санатына кіреді. Оған 100 мың теңгеден астам жәрдемақы тағайындалады. Анасы баланы күткені үшін 78 мың теңге алып отырады. Бұған қоса, ол көпбалалы ана ретінде көмек алады», – деп түсіндірді Еңбек министрі.
Жақыпованың айтуынша, кішкентай қыз жыл сайын мүгедектігін дәлелдеп әуре болмайды. Себебі еңбек министрлігі мүгедектік тағайындауға қатысты бұйрықтарға өзгеріс енгізіп жатыр.
«Мемлекеттік органдармен келісім жүріп жатыр. Алуадағыдай жағдайда болғанда, екі аяғына ампутация жасалғанда, өмір бойына мүгедектігі туралы анықтама беріледі», – дейді Жақыпова.
Бұған қоса, мемлекет Алуаның аяғына протез орнату қаражатын көтереді.
Бұған дейін оқушы қыздың отбасы Астана әкімдігінен пәтер алатыны мәлім болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған.
Астанадағы ірі жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізуші қамауға алынды.