
Қытай Орталық Азиядағы бес мемлекетпен құрлық қана емес, әуе қатынасын да арттыруды көздеп отыр. Енді Қытай қалалары мен аймақтағы елдер арасында тікелей әуе рейстері көбейеді. Бұл туралы Reuters жазды.
Агенттік ҚХР сыртқы істер министрлігінің сәрсенбі, 18 маусым күні таратқан ресми мәліметіне сүйенді.
Қытай мен Орталық Азия елдері авто және темір жол қатынасын жақсартып, тікелей әуе рейстерін көбірек ашуға тырысады делінген СІМ мәліметінде.
Бұған қоса, Бейжің аймақтағы бес ел үшін виза жүйесін жеңілдетуді көздеп отыр. Тараптар консулдық мекемелер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сонымен бірге Бейжің Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен бірге әуежайларды жетілдіру, қажет болған жағдайда жаңасын салуды жоспарлады.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 17 маусымда Орталық Азия елдерімен байланысты нығайту жөніндегі келісімге қол қойды. Себебі Бейжің ресурстарға бай өңірмен сауда, энергетика және инфрақұрылым салаларында әріптестікті әрі қарай арттыруды көздейді деп жазды Reuters.
Естеріңізге сала кетейік, Қытай және Оратық Азия елдерінің басшылары Астанаға жиналды. Мұнда «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті.