Иран билігі қауіпсіздік мақсатында бүкіл елде интернетті өшірді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қаңырап бос тұрған Тегеран базары / фото: Majid Asgaripour/REUTERS 
Қаңырап бос тұрған Тегеран базары / фото: Majid Asgaripour/REUTERS 

NetBlocks мәліметінше, 18 маусымда кешке қарай Иран интернеттен толық дерлік ажыратылды. Артынша Тегеран Израиль шабуылына байланысты ғаламтор шектелгенін мәлімдеді.

Әлем елдеріндегі ғаламтор жұмысын бақылайтын NetBlocks сәрсенбі күні Иранда интернет толық дерлік өшірілгенін хабарлады.

«Расталды: дәл қазір Иранда интернет ұлттық ауқымда толық дерлік өшірілді», – деп хабарлады NetBlocks.

Желі мәліметінше, бұған дейін бұл елде ғаламдор дәл бүгінгідей сөнбеген.

NetBlocks Иранда интернет бірден 3%-ға дейін түсіп кеткенін анықтады / графика: NetBlocks
NetBlocks Иранда интернет бірден 3%-ға дейін түсіп кеткенін анықтады / графика: NetBlocks

Артынша Иран байланыс министрлігі елдегі интернет Израиль шабуылына байланысты уақытша шектелгенін растады. Министрлік мәліметін жергілікті ISNA агенттігі таратты.

Тегеран ел ішінде қызмет көрсететін платформаларға еркін кіруге болатынын хабарлап отыр.

CNN телеарнасының хабарлауынша, Иран үкіметі елде интернетті жиі шектейді. 2022 жылы жалпыұлттық наразылық шеруі кезінде де билік ғаламторды сөндіріп тастаған.

Иран мен Израиль жанжалы

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.

Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғады. Хаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді

Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.

Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз