Ойлануға бір тәулік: Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін

Құрама Штаттар Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығысқа араласу-араласпау мәселесін 24-48 сағаттың ішінде шешеді. Бұл туралы ABC хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, 17 маусым күні Ақ үйде президент Дональд Трамп басты кеңесшілерімен кездескен. Құрама Штаттардың ресми өкілдері Иран мәселесін дипломатиялық жолмен шешу немесе әскерге жүгіну туралы шешім бір-екі тәулікте қабылданатынын меңзеді деп жазды ABC.
Вашингтондағы жиын қарсаңында Трамп Иран билігіне қатысты бірнеше мәлімдеме жасады. Ол Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеидің қайда жасырынып жүргенін АҚШ біледі деп жазды.
«Ол оңай нысан, бірақ өз елінде қауіпсіз сезінеді. Біз оны алып шыққалы (өлтіргелі!) жатқан жоқпыз. Қазір емес. Бірақ біз зымырандардың бейбіт тұрғындарға немесе америкалық сарбаздарға қарай атылғанын қаламаймыз. Біздің төзіміміз таусылуға шақ қалды», – деп мәлімдеді Трамп өзінің Truth әлеуметтік желісінде.
Бірнеше минуттан соң АҚШ президенті «Толықтай капитуляция!» деген сөйлемді бөлек жариялады.
Осы уақытта аятолла Әли Хаменеи де әлеуметтік желілерге шығып, мәлімдеме таратып жатыр. Ол X әлеуметтік желісіне «Ұрыс басталды» деп жазды.
Иран мен Израиль арасындағы әскери жанжалдың басталғанына алты күн болды.
Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыс
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.
Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.
Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.
Баку Израильден Иранның әзербайжан көп тұратын мекендерін атқыламауды сұрады.
Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.