Жаңалықтар

Үкімет елге қайтқан 318 млрд теңгені әлеуметтік нысандарға жұмсайды

Мемлекет қайтарылған активтерді әлеуметтік жобаларға жұмсайды / фото: shutterstock
Мемлекет қайтарылған активтерді әлеуметтік жобаларға жұмсайды / фото: shutterstock

Үкімет елге қайтарылған активтер қаражаты есебінен 318 млрд теңгені 400-ден аса әлеуметтік нысан салуға жұмсайды.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, қазіргі таңда 406 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде тоғыз білім беру нысаны, спорт саласындағы үш нысан, денсаулық сақтау саласындағы 162 жоба, сумен жабдықтау саласындағы 159 жоба бар. 333 жоба іске асырылып жатыр.

Шалғайдағы елдімекендерде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында медициналық мекемелер құрылады. Су құбыры желілері жөнделеді.

Қайтарылған активтер есебінен Алматы қаласындағы құбырлар жөнделеді / инфографика: gov.kz
Қайтарылған активтер есебінен Алматы қаласындағы құбырлар жөнделеді / инфографика: gov.kz

Астанада ескі стадионның орнына Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынып жатыр. Жабық спорт ғимараты 3598 орынға есептелген. Құрылыс UEFA халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

Алматыда қайтарылған қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйесін салу бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылып жатыр.

Шымкент қаласындағы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешенінің тәрбиеленушілері үшін қайтарылған қаражатқа 300 орындық жатақхана салынады.

Шығыс Қазақстан облысында Гематология орталығының құрылысын аяқтауға қаражат бөлінді. Медициналық мекемеде 2 ғимарат: 148 орындық стационар және 24 төсек-орындық клиниканың пациенттеріне арналған қонақүй жоспарланған.

Шығыс Қазақстанда Гематология орталығы мен науқастарға арналған қонақ үй бой көтереді / инфографика: gov.kz
Шығыс Қазақстанда Гематология орталығы мен науқастарға арналған қонақ үй бой көтереді / инфографика: gov.kz

Үкіметтің әлеуметтік жобалары

Солтүстік Қазақстан облысында Соколов, Булаев және Пресновский су құбырлары қайта жаңартылады. Айыртау ауданы мен Шал ақын ауылдық елді мекендеріне жаңа су құбырлары мен бұрмалар салынып жатыр.

Қарағанды облысында жеті ауданда 51 денсаулық сақтау объектісі – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерді салу жоспарланды.

Ақмола облысында денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және спорт саласында 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қайтарылған активтер есебінен екі медициналық нысан ашылды. Аршалы ауданының Арнасай ауылында 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, ал Бұланды ауданының Алтынды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. 1 мыңнан астам азаматы бар үш елді мекеннің тұрғындары уақтылы медициналық көмекке сене алады.

Батыс Қазақстандағы 25 әлеуметтік жоба жыл аяғына дейін аяқталады / инфографика: gov.kz
Батыс Қазақстандағы 25 әлеуметтік жоба жыл аяғына дейін аяқталады / инфографика: gov.kz

Ақтөбе облысында 12 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы балабақша.

Қордан Абай облысында 24 әлеуметтік маңызы бар нысанды жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Өңірде жаңа сумен жабдықтау желілері, сонымен бірге медициналық мекемелер салынады.

Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру және сумен жабдықтау салаларында бір нысаннан салынады.

Жетісу облысында білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларында 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Түркістан облысында 35 әлеуметтік жоба қабылданды / инфографика: gov.kz
Түркістан облысында 35 әлеуметтік жоба қабылданды / инфографика: gov.kz

Тағы бірнеше өңірдегі маңызды жобалар

Алматы облысында жаңа спорт нысандары, сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелер салынады. Үкіметтің шешімімен бөлінген қаражат Кеген ауданы Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға бағытталды.

Жамбыл облысында қайтарылған қаражатқа 19 жоба салынады. 4 жоба денсаулық сақтау жүйесі желісі бойынша, тағы 15 жоба сумен жабдықтау желілерін салу бойынша.

Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін 25 жобаны тапсыру жоспарланды. Бұл медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ су құбырларын салу бойынша жобалар.

Маңғыстау облысында қайтарылған активтерге 1 денсаулық сақтау нысаны салынады.

Қостанай облысында сумен жабдықтау желілері түбегейлі жаңартылады. Сондай-ақ өңірде бір денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салу жоспарлануда.

Түркістан облысында қайтарылған активтерге бір білім беру объектісін салу, сондай-ақ өңір тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша 35 жобаны іске асыру жоспарланған.

Павлодар және Қызылорда облыстарында сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелердің құрылысы бойынша жобаларды іске асыру жоспарланды.

Ұлытау облысында жаңа білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау нысандары салынады.