Онлайн жұмысқа ауысқысы келетіндерге арналған гайд

Жарияланды 18 Маусым 2025 08:37

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Онлайн жұмысқа ауысқысы келетіндерге арналған гайд/Фото: kursiv.media

Пандемияның еңбек нарығын қатты өзгерткенін жиі айтамыз. Тіпті түбегейлі өзгертті десек, артық болмас. Ол аздай, 2025 жыл сол трендті тіпті шегелеп бекіткен секілді. Олай дейтініміз әлемнің әр жерінде тұратын миллиондаған адам кеңседегі жұмысын тастап, онлайнға ауысып жатыр. Фрилансты байқап көремін деп жүрген болсаңыз, мына материал сізге арналады. Дедлайн, тұрақсыз табыс пен толассыз тапсырыс арасында жұтылып кетпеу үшін не істеу керек? Онлайнға көшкісі келетіндерге неден бастау керегін, қалай істеу керегін айтайық.

Фриланс екен деп арқаны кеңге созып жүрмейтініңізді түсініңіз. Бұл — үлкен жауапкершілік

Осы тұста көпшілікті арасында таралған аңызды айта кету керек. Көбі фриланс десе теңіздің жағасында коктейль ішіп жату деп ойлайды. Сөзінің жаны бар десек те, жұмыстың аты — жұмыс. Фрилансер өзіне өзі есепші, стратег әрі орындаушы болады. Сондықтан онлайнға ауыспас бұрын мына үш сұраққа шын жауап беріп көріңіз:

  • Табыс тұрақсыз болады. Бұған мен дайынмын ба?
  • Біреулер маған төлеуге дайын болатындай машықтарым бар ма?
  • Өз күнімді ешкім төбемнен төніп тұрмағанда өзім ұйымдастырып, жоспарлай аламын ба?

Қалай ақша табатыныңызды анықтап алыңыз

  • Машықтарыңызға толық инвентаризация жасап шығыңыз
    Не істей аласыз: жаза аласыз ба, аударма жасайсыз ба, сабақ бересіз бе, суретке түсіресіз бе, кеңес бересіз бе, анализ жасай аласыз ба — ойланып, баға беріңіз. Тіпті қолымнан ештеңе келмейді десеңіз де, жұмыста, оқуда қай қабілетіңізді мақтайтынын еске түсіріп көріңіз.
  • Оқу керек болса, оқып алыңыз
    Егер машықты дамыту керек болсе, онда курстар алып, оқып шығыңыз. Мысалы:
  • копирайтиң, UX-writing
  • SMM немесе контент-маркетиң
  • уеб-дизайн немесе Canva-графика
  • менторлық, коучиң, психология
  • монтаж, подкастиң және т.б.

Алғашқы қадамдар: тапсырыс пен клиент табу жолдары

  • Портфолио жасаңыз
    Енді бастап жатқан маман болсаңыз да, қолыңыздан келетінін көрсетіңіз. Бұған дейін ешкімге жасап бермеген болсаңыз да, нөлден бастап өзіңіз істеген лендиң, редизайндарды көрсетіңіз. Мәтінді қалай жазатыныңызды көрсетіңіз.
  • Клиент іздеуге көшіңіз
    Тапсырысты мына жерлерден табуға болады:
  • Upwork, Freelancer, Fiverr (ағылшынша сөйлей алатын болсаңыз)
  • Kwork, FL, Work-zilla (орыстілді нарық)
  • Жұмыс ұсынатын неше түрлі Telegram-чат бар
  • Facebook-топтарға қосылыңыз
  • Ағылшынша жақсы білсеңіз, LinkedIn
  • Тегін болса да кейс жинап алыңыз
    Алғашқы 2-3 жұмысты азғантай ақыға не тіпті тегінге істеп берсеңіз болады. Бастысы, клиенттен фидбәк алыңыз, пікірін жариялауға рұқсат алыңыз. Осылайша біртіндеп ауқымды кеңейте бересіз.

Темірдей тәртіп пен қаржылай қормен дос болыңыз

  • Қор жинаңыз
    Кемінде алдағы 3-6 ай қамсыз тұра алатындай сома жинап қойсаңыз жақсы. Егер әлі жиналмаса, онда соған жеткенше көп жұмыс істеңіз.
  • Режим мен тайм-менеджмент сақтаңыз
    Бастық жоқ екен деп бетімен кетуге болмайды.
  • Жұмыс уақытын белгілеп алыңыз (мысалы 9-16 аралығы дегендей)
  • Toggl, Pomofocus сияқты трекерлерді пайдаланыңыз
  • Тасктарды Notion немесе Todoist-ке салып отырыңыз

Құжатқа қатысты мәселелер
Егер тұрақты табысқа шыққыңыз келсе, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіңіз керек. Болмаса, тұратын еліңізде фриланс-карта болса, рәсімдеңіз. Мысалы Қазақстанда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт арқылы жұмыс істеуге болады.

Біртіндеп ауқымды кеңейтіңіз. Жеке бренд және тұрақты клиенттерден база жасаңыз.

  • Профи болыңыз
  • Tilda-да шағын сайт жасап қойыңыз
  • Instagram мен LinkedIn-нен профайл ашып, жүргізіңіз
  • Telegram-арнаңыз болса құба-құп
  • Кейстер, пікірлерді салып отырыңыз
  • Тұрақты клиенттермен жұмыс істеңіз
    Фриланста тұрақты табыс табу үшін сізге қайта айналып келе беретін клиент табу керек. Ол үшін сізде мынадай қабілеттер болуға тиіс:
  • Дедлайнды жақсы сақтайсыз
  • Сыпайы әрі кәсіби мамансыз
  • Есебіңіз нақты жасалады
  • Жауапкершілігіңіз мықты

Бонус: 1-2 айдың ішінде кірісіп кетуге болатын мамандықтар

МамандықҚажет болатын мерзімТабыс көлемі
Копирайтер1–2 айда140 000 мен 450 000 тг арасында
Canva-дизайнер2 айда180 000 мен 550 000 тг арасында
Виртуал ассистент1 айда90 000 мен 360 000 тг арасында
Әлеуметтік желілер әкімшісі1–2 айда140 000 мен 700 000 тг арасында
Бағдарлама жасақтамасын сынайтын маман2–3 айда220 000 мен 900 000 тг арасында

Фриланс — спринт емес, марафон екенін түсіну керек

Онлайнға ауысқанда бәрі бір сәтте бола кетпейді. Біреу алғашқы тапсырысты бір аптаның ішінде алады. Енді бірі айлап іздейді. Бұл жерде маңыздысы — үздіксіз әрекет ету. Сондықтан кеңседен шығып, фрилансқа шығамын деп жүргендер тұрақсыздықтан қорқа бермей, тәуекел етіп көргені дұрыс. Бастысы, жеті рет ойланып, бір кесу керек. Сәтті жүзеге асып кетсе, онда фриланс табыс көзі ғана емес, еркіндіктің де нышанына айналады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін digital nomads һәм қашықтан істеуге мүмкіндік беретін елдердің топтамасын жасаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз