Депутат Тұрлыхановтың ұлы айыппұл төлеп босап шығудан бас тартты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат өтінішхатынан бас тартты/фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішхатын қараусыз қалдыруды сұрады, деп хабарлайды KursivMedia.

Істің мән-жайы

2023 жылдың ақпанында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат Алматыда ерлі-зайыпты Олег және Анна Черновқа қол көтерген. Салдарынан Олег Черновтің қабырғасы сынған, ал Анна жақ тұсынан соққы алған. Бастапқыда сот Болатқа бостандықты шектеу жазасын тағайындады.

2024 жылдың күзіне дейін Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды үш рет бұзған. Соған байланысты ол 1 жыл 5 ай 10 күнге қамалды.

Өтінішхатын қайтарып алды

2025 жылдың маусымында сотталған Болат жаза мерзімін айыппұлмен алмастыруды сұрап, сотқа өтініш түсірген. Қазірге дейін ол жазаның үштен бірінен аса мерзімін өтеген.

19 маусымында өткен сот отырысында Болат бұған дейін жасаған өтінішхатын қарауысыз қалдыруды сұрады. Адвокат Назкен Құсайынова да қорғауындағы Болаттың өтінішхатын қолдап, пікір білдірді.

«Мекеме ұсынған іс материалдарымен таныстым. Ол құжаттар шындыққа жанаспайды. Тіпті материал сипаттамасының өзінде оның қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлімі, 1,5-тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны көрсетілген. Сонымен қатар мен ол мекемеде болдым және кей құжаттарды тапсырдым. Бірақ олар іс материалдарына тіркелмеген», – деді Құсайынова.

Айтуынша, қылмыстық істегі жәбірленуші тарап әлеуметтік желіде Нұрасыл Болаттың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішхаты қаралатыны туралы ақпарат таратқан.

«Олар құжаттарды және жеке деректерін жариялап жіберді. Сондықтан қорғауымдағы Болаттың өтінішхатын қолдаймын және қосымша құжаттар ұсыну үшін оны қараусыз қалдыруды сұраймын», – деді Құсайынова.

Жәбірленушілер не дейді?

Жәбірленуші Анна Чернова әлеуметтік желіде тек мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қашан қаралатыны туралы ақпарат пен бұл өтінішхатқа қатысты жеке пікірін жазғанын айтты.

«Менің қолымда іс материалдары мүлде болған жоқ, сол себепті ешқандай ақпаратты таратуым мүмкін емес», – деді Чернова.

Осылайша жәбірленуші тарап Нұрасыл Болаттың өтінішхатына қарсылық білдірмеді.

Сот шешімі

Сот тараптардың пікірін тыңдай келе, қаулы шығарды. Соған сәйкес, сот сотталған Болаттың өтінішін қараусыз қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз