Алматылық түлек ғылым министрлігінен моральдық шығын өндіріп алғысы келеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Медина Майсар Жоғарғы сотқа жүгінді/фото: kursiv.media

Жоғарғы сотта алматылық түлек Медина Майсардың Ғылым және жоғары білім министрлігіне талап арызына қатысты іс қаралып жатыр.

Еске сала кетейік, 2024 жылы мемлекеттік грант бөлу кезіндегі дау шықты. Сол кезде мектеп түлегі Медина Майсар ҰБТ-дан 119 балл жинағанына қарамастан мемлекеттік грант ала алмағанын айтып видео жариялаған.

Кейін іс бойынша бірінші инстанция мен апелляциялық сот алқасының шешімі шыққан.

Майсардың адвокаты Халида Әжіғұлованың айтуынша, министрліктің 2024 жылдың 2 тамыздағы №388 бұйрығында төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге бөлінген 20% грант квота деп көрсетілген. Алайда білім туралы заңда квотаның 10 түрі ғана белгіленген, оның ішінде «төтенше жағдай» деген бөлік жоқ.

Осылайша олар Ғылым және жоғары білім министрлігінің «төтенше жағдай» санаты бойынша квота бөлу құқығы жоқ екенін айтады.

2025 жылдың 19 маусымдағы сот отырысында адвокат министрлік қаулысына бұған дейінгі соттарда ешқандай құқықтық баға берілмегенін айтып өтті.

«…Біздің жауапкерден моральдық өтемақы талап етуге құқымыз болмады. Ал талапкер болса, құқықтарының бұзылғаны үшін министрліктен ресми кешірім сұрауын талап етіп отыр, өйткені 2024 жылдың 2 тамызда қабылданған заңсыз бұйрық жауапкердің ресми сайтында жарияланған. Осы заңсыз грант бермеу туралы бұйрықтың салдарынан, талапкер үш апта бойы күйзеліске түскен», – деді адвокат.

Айтуынша, Майсар моральдық шығынды өтету бойынша азаматтық сотқа жүгінбеген.

«Біз азаматтық сотқа жүгінген жоқпыз, өйткені осы істің шешімін күтіп отырмыз. Себебі, егер бұл сотта жауапкер тарапынан құқықтарымыздың бұзылғаны расталмаса, онда азаматтық сотта қандай да бір өтемақы талап етуге мүмкіндігіміз болмайды. Біздің талап – тек моральдық тұрғыда кешірім сұрау, және біз жауапкер өз қателігін мойындап, кешірім сұрауы өте маңызды деп санаймыз», – деді адвокат.

Айта кетейік, Медина Майсардан қазір Алматыда өзі қалаған «құқық» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз