«Әділдік талап етеміз»: әскерде қайтыс болған сарбаздардың ата-анасы елордаға келді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Әскерде қайтыс болғандардың ата-анасы астанаға келді/коллаж kursiv.media

Әскерде әр жылдары қайтыс болған сарбаздардың ата-анасы Астанаға келіп, жүргізілген тергеуге көңілі толмайтынын жеткізді.

Астаналық Мұрат Байтұрғанов медицина қызметкерлері немқұрайлығы салдарынан 2023 жылы 21 желтоқсанда ұлы Амир Байтұрғанов Жаркентте қаза тапқанын айтады. Алайда мұны әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеді.

«Ауырып қалған, дене қызуы 41 градусқа көтерілген. Бір таблетка димедрол берген. Әскери бөлімдерде медициналық көмек нашар көрсетіледі. Ол туралы ешкім айтпайды. Қазірге дейін 8 сараптама жүргіздік. Қазір Ресей көмегіне жүгіндік, ендігі кезекте Қытай тұр. Дәл қазір ұлымның неден қайтыс болғанын дәлелдей алмай отырмыз. Біз шындықты білгіміз келеді. Қорғаныс министрлігі жауапкершілікті алғысы келмейді. Ұлымның денсаулығы жақсы болған, өз еркімен әскерге кеткен. Медициналық көмекті дер кезінде көрсетпеген», – дейді марқұм сарбаздың әкесі Мұрат Байтұрғанов.

«Ұлдарымызды Отан қорғауға әскерге жібердік. Осы жерге келген ата-аналарлың баласын офицерлер ұрып-соғып, өлтірді. Өлтіргенімен қоймай, бәріне баланы ауру қылып шығарды. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың (2025 жылдың 8 маусымынан бастап министр қызметінен босатылды – ред.) алдында болдық. «Кімге барсаң, оған бар» деп айтты. Сонда кімге сенеміз?», – дейді Астанаға келгендердің бірі.

2024 жылы қайтыс болған Сәлімжан Досымжанның анасы Ардақ Иманғалиева сұқбат бергеннен басқа амалы қалмағанын айтты.

«Баламызды Отан қорғауға жіберіп, табытпен алып отырмыз. Руслан Жақсылықов «ешкімнен қорықпаймын» деді. «Құдайдан да қорықпайсың ба?» деп едім, «Құдайдан да қорықпаймын» деді. Президенттен көмек сұраймыз. Бір сөзіңізде «әскерге барған сарбазға командир басымен жауап береді» деп айттыңыз. Бәрі жауапкершіліктен басын алып қашып тұр. Ұлым Сәлімжан Досымжан 2024 жылы 13 мамырда Алматыдағы емханада қайтты. Бәрін айтып үлгерді. Балам Сарыөзекте болды. Артында қалған балаларымыз бар. Олар да Отан қорғау баруы керек, бірақ әскерде ешқандай тәртіп жоқ. Сарыөзтегі армия – концлагерь», – дейді Ардақ Иманғалиева.

Бұл іс бойынша үкім 2024 жылы шықты. Офицер Жанбота Шәкіров 7 жылға сотталған.

Елордаға келгендердің бірі – сарбаз Жеңіс Ахметжановтың анасы Гүлдана Ахметжанова.

«7 ай болды. Баламды қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғаған. Қазір жауып тастады. Әділдік жоқ. Дәлел жоқ. Отырған жерінде камера істемейді. Әділдік талап етеміз. Жалғыз балам еді. Артында ешкімі жоқ», – дейді әйел.

19 жастағы Жеңіс Ахметжанов үйіне қайтуына 14 күн қалғанда қайтыс болған.

Айта кетейік, KursivMedia Жаркентте қаза тапқан әскери Дархан Дәулет ісінен ақпарат таратып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз