Алматыда тау бөктерінде салынып жатқан ірі нысан сүріліп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Алматыда тау бөктерінде салынып жатқан ірі нысан сүріліп жатыр/Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Нұрмағамбетов көшесі, 374/1 мекенжайда салынып жатқан төрт қабатты ғимарат заңсыз деп танылып, бұзыла бастады. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.

Нысан заңсыз салынған. 2022 жылы құрылыстың тиісті құжаты болмағандықтан, басқарма өз бетінше салынған ғимаратты бұзуға талап-арыз берген. Кейін сот процесі жүрген.

2022 жылы 29 қарашада Алматы қалалық соты басқарманың талап-арызын қанағаттандырып, Алматының Әділет департаменті атқарушылық іс қозғаған болатын.

Қала тұрғындарына ғимараттың заңсыз салынғанын ескерту үшін нысан жылжымайтын мүлікті сатып алуға ұсынылмайтын тізімге енгізілген.

Әкімдік бұған дейін тізімге енген бірқатар заңсыз салынған ірі нысан толық немесе жартылай бұзылғанын, олардың арасында «Арман» және «KHAN», «Orda City» тұрғын үй кешендері барын еске салады.

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын оның құжаттарының бар-жоғын білу үшін +7 705 89 66 000 WhatsApp анықтамалық телефон нөміріне жүгінуге кеңес береді.

Бұған дейін, Алматы әкімі құрылыс кезінде инфрақұрылымды ескермеген жобаларды сынаған.

Ал оның алдында қала құрылысын бақылау басқармасы «Ақсай-4» шағынауданында орналасқан «Арыстан» базарының бір бөлігін сүрген.

Сондай-ақ оқыңыз