«Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша электр пойызы жолға шығады

Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы шілде айынан бастап «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жаңа электр пойызы жолға шығатынын хабарлады.
Ұлттық компания «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірінші, екінші және үшінші класты жаңа электр пойызын пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын жеткізді
Құрам Астана – Бурабай курорты бағдары бойынша жүретін болады.
«Пойыз алты вагоннан тұрады және 374 орынға арналған. Ол барлық қажетті техникалық тексерулерден өтті. Қазіргі уақытта Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес құжаттаманы ресімдеу аяқталуда», – делінген хабарламада.
Қазақстан темір жолы әр класта биодәретханалар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы бейінделген кабиналар қарастырылғанын атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін платформалық көтергіштер қойылған.
«Автоматты шығарылатын аяқ тіректері, әсіресе егде жастағы жолаушылар мен балалары бар отбасылар үшін ыңғайлы отырғызу мен түсіруді қамтамасыз етеді. Пойыздағы әрбір орын мобильді құрылғыларды зарядтауға арналған USB қосқышымен жабдықталған. Сонымен қатар, құрамда салқын сусындар мен жеңіл тағамдар қарастырылған», – дейді ұлттық компаниядағылар.
Бұған дейін, Көлік министрлігі жазғы демалыс маусымында Балқаш курорттық аймағына қосымша пойыздар жолға шығатынын мәлімдеген.