Бағанашылдағы балалар үйіне жөндеу жүргізіледі – Алматы облысы әкімдігі

Алматы облыстық Білім басқармасы Алматы қаласы Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан Алматы облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығына басшылықтың тиісті өтінім хатының негізінде (Алматы облыстық №1 балалар үйі) жөндеу жүргізілетінін хабарлады. Бұл туралы басқарманың Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында айтылады.
Орталық ғимараттың сыртқы бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұраған.
Білім басқармасы 2025 жылы орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын, мәслихат шешімін күтіп отырғанын хабарлады.
«Орталықтың сұранысына, сәйкес, ғимараттың ішкі және сыртқы жағдайы, сондай-ақ ішкі өрт сөндіру жүйесінің бірқатар элементтері тексеріліп, олар қанағаттанғысыз күйде екені анықталды. Қазіргі уақытта өрт сөндіру талаптарын сақтау және төтенше жағдайлар кезінде қауіп-қатерді азайту мақсатында жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет», – делінген жолданған жауапта.
Басқарма жөндеу жұмысы аясында дыбыстық хабарлау жүйесін қалпына келтіру күтіліп отырғанын жеткізді.
«Нақты жұмыстарды анықтау үшін тиісті мамандар барып, нысанды тексеріп, қажетті жөндеу көлемін анықтайды. Содан кейін сметалық құжаттар дайындалып, тиісті шешім қабылданып, қаражат бөлінеді, – дейді басқармадағылар.
Бұған дейін, қоғамдық белсенді Юлия Нестерова Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін хабарлаған.
Ол балалар үйінің құбырларынан су ағып, жертөлесінің қабырғалары сөгілгелі тұрғанына қарамастан, басшылық оларды жөндеуге асықпайтынын айтқан. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ақыры ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенеді.
Алайда Алматы облыстық №1 балалар үйі директорының орынбасары Жұмагүл Батталова белсендінің күдігі орынсыз екенін жеткізген.
Оның сөзінше, балалар үйіне ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданған.
Сондай-ақ ол «балалар үйінен тәрбиеленушілер шығарылады» деген әңгіме қауесет екенін мәлім еткен. Ол қазірдің өзінде орталыққа түрлі жағдайға тап болған барар жері жоқ балалар уақытша паналауға келіп, көп жағдайда тұрақты негізге қалып қоятынын атап өткен.
Алматының әсем де қымбат ауданы – Бағанашылда орналасқан Алматы облыстық №1 балалар үйінің айналасында алғаш рет наурыз айында шу шыққан. Тәрбиеленушілер желіде үндеу жариялап, өздерін Қонаев қаласына көшіргелі жатқанын айтқан. Ал орталықты сүріп, орнына тұрғын-үй кешенін салады-мыс деген сөз тарағанын мәлімдеген. Кейін тәрбиеленушілермен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева кездесіп, орталықта бұрыннан тәрбиеленіп жатқан балалар сол жерде қалатын болып шешілген. Ал «орталық жері жеке қолға өтіп кетті» деген ақпаратты жоққа шығарған.