Израиль Иранның ядролық нысандарының біріне шабуыл жасады: ол туралы не белгілі

Бейсенбі күні Израиль Қорғаныс армиясы Тегераннан оңтүстік-батысқа қарай 250 шақырымда орналасқан Иранның ең ірі ядролық нысандарының бірі – Арак қаласындағы ауырсу реакторына шабуыл жасады. Бұл туралы Еuronews хабарлады.
Израиль Әскери-әуе күштері түнде және таңертең Ирандағы бірнеше ядролық нысандарға соққы берген. Соның ішінде Арак қаласындағы IR-40 реакторы да бар.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, жарылыстар болған аудандардан бейбіт тұрғындар эвакуацияланған, ал жойқын қирау тіркелмеген. Дегенмен, жарияланған фото және видеоларда жарылыс анық көрінеді. ЦАХАЛ шабуылдың алдында тұрғындарды алдын ала ескертіп, аймақтан кетуге шақырған.
Шабуыл жасалған күні Израиль әскерилері Арактағы нысанға, соның ішінде плутоний өндірісіндегі негізгі компонент болып саналатын реактордың белсенді аймағына соққы берілгенін растаған.
IR-40 реакторы туралы не белгілі
АҚШ-тың Missile Systems Defence Alliance атты коммерциялық емес ұйымының дерегінше, Арактағы ядролық нысан 2003 жылы салынған. Ол IR-40 ауырсу реакторы мен ауырсу өндіретін зауыттан тұрады. Нысанның нақты техникалық сипаттамалары құпия сақталған, себебі оның құрылысына шетелдік мамандар, соның ішінде Ресейдің «Nikit» атты жобалау мекемесінің инженерлері қатысқан.
Иран билігі бұл реактор тек бейбіт мақсатқа арналған деп мәлімдеген. Алайда Батыс сарапшылары бірнеше рет мұнда әскери мақсатта қолданылатын бөлінетін материалдар өндірілуі мүмкін деген күдік білдірген.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, зауыт жылына 9 келіге дейін плутоний өндіре алады. Бұл мөлшер ядролық қару жасауға жеткілікті деп алаңдайды АҚШ.
2015 жылы қол қойылған Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына (СВПД) сәйкес, Арактағы реакторды қару жасау қабілетінен айырып, тек ғылыми зерттеулер үшін қайта жабдықтау міндеті қойылған. 2016 жылы Иран билігі реактордың белсенді аймағы бетонмен құйылып, іске жарамсыз етілгенін хабарлаған.
Алайда сол жылы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) инспекторлары Иранда ауыр су рұқсат етілген шегінен артық қорланғанын анықтаған. Бұған қоса, Тегеран СВПД келісімін бұза отырып, Арактағы реакторға арналуы тиіс 80 метрлік тоннадан астам ауыр суды Оманға жөнелткен.
Радиация тарады ма
Иранның мемлекеттік телеарнасы «тұрғындардың денсаулығына радиациялық қауіп жоқ» деп мәлімдеді.
Ал МАГАТЭ реактордың зақымданғанын растады. Агенттік өкілдері «ол жұмыс істемеген, құрамында ядролық материал болмаған. Сондықтан радиологиялық зардаптар жоқ» деп мәлімдеген.
Алайда агенттік ауырсу зауытының зақымданғаны жөнінде нақты ақпараты жоқ екенін де атап өтті.
Израиль-Иран жанжалы
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.
Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.
Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғады. Хаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді.
Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.
Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.