Мәсімов қандай камерада отыр, оның денсаулығы қалай

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мәсімов қандай камерада отыр, оның денсаулығы қалай/Фото: Фото: Астана қалалық сотының баспасөз қызметі

Ішкі істер министрінің орынбасары-Қылмыстық аткару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың денсаулығы туралы сұраққа жауап берді.

Сенаттағы баспасөз жиынында журналистер Кәрім Мәсімовтің туыстары оның денсаулығы нашар, оған шұғыл медициналық көмек керек екенін айтатынын атап өтіп, бұл қаншалықты шындық екенін сұрады. Одан бөлек Мәсімов денсаулығына байланысты қандай да бір есепте тұрған-тұрмағанын нақтылауды өтінді.

Абай Қайырбеков Мәсімовтың денсаулық жағдайы қамауда ұстау шарттарына сай, алаңдайтындай ештеңе жоқ екенін айтып, оған барлық сотталушыларға көрсетілетіндей медициналық бақылау жүргізілетінін жеткізді.

Ал медициналық есеп мәселесі денсаулық сақтау министрлігіне қарасты екенін айтты.

Мұнан соң қылмыстық аткару жүйесі комитетінің төрағасына Мәсімов қандай камерада отырғаны туралы сұрақ қойылды. Комитет төрағасы аталған сұраққа жауап беруден жалтарып көруге тырысып, журналистің табандылығынан кейін ҰҚК экс-төрағасы өзге сотталушылармен бір жерде отырғанын жеткізді.

Бұған дейін, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәсімовтың жағдайы туралы сұраққа толымды ештеңе айтпастан, оның жағдайы туралы «қалыпты» деген бірауыз сөзбен шектелген.

Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған. Сот оны мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алуға талпынды және өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптап, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» өтті. Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

2024 жылы Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш білдірген, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев оның өтінішін қанағаттандырмады. 

Сондай-ақ оқыңыз