
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков Сенатта журналистерге Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуші есірткі бизнесімен айналысқаны жөніндегі оқиға бойынша қандай шара қолданылғанын айтып берді.
Қайырбековтің айтуынша, сотталушы колония ішінде есірткі жеткізу бойынша тұрақты арна құрған. Сонымен қатар ол ғимаратқа Starlink антеннасын орнатып алған.
«Бұл оқиға бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға қатаң тәртіптік шаралар қолданылды. Атап айтқанда, мекеме басшысының орынбасары қызметінен босатылды, режимдік бөлімнің жедел қызметкерлері де жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ облыстық департамент басшысы бақылаудың жоқтығы үшін лауазымынан алынды», – деді Қайырбеков.
Комитет басшысы «колонияға Starlink антеннасын қоюға кім рұқсат берді» деген сұраққа тергеу әлі жалғасып жатқанын айтып, нақты жауап бермеді.
Бұған дейін, Абай Қайырбеков өмір бойына сотталған Владислав Челах пен 18 жылға бас бостандығынан айырылған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің жағдайы туралы айтып берген.