Астанада қонақүй қызметкері түркиялық туристің 18 алтын әшекейін ұрлап алған

Астана полициясы түркиялық туристің жоғалған бағалы бұйымдарын қайтарып берген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Портал полицейлерге ризашылығын білдірген Түркия азаматының видеосын жариялады.
Оқиғаның мән-жайы
Шетелдік қонақ Астанаға турист ретінде келіп, қонақүйлердің біріне тоқтаған. Еліне оралғаннан кейін, ол нөмірінде ұмыт қалдырған алтын әшекейлерінің жоғалғанын анықтаған. Әйел дереу құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 8 жұп сырға, 8 сақина және екі алтын алқадан тұратын зергерлік бұйымдарды қонақүй қызметкері иемденіп кеткені белгілі болған. Полицейлердің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде ұрланған мүлік табылып, иесіне қайтарылған.
Түркия азаматы полицейлерге жедел әрі үйлесімді әрекеттері үшін шынайы ізгі тілегін жеткізген.
Бұған дейін жазда қай елдерге саяхаттап бармаған дұрыс екені туралы жазғанбыз.