Жаңалықтар

Сүлейменов теңгенің әлсіреу себебін демалыс маусымының басталуымен байланыстырды

Сүлейменов теңгенің әлсіреу себебін демалыс маусымының басталуымен байланыстырды/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов соңғы күндері ұлттық валютаның әлсіреу себебін түсіндірді.

Оның сөзінше, доллар курсының 520-ға секіруі сезілетін бағам болғанымен, өсімнің қай деңгейден басталғанына қарау керек.

«Соңғы күндері курс 515–517 шамасында жабылып жүрді. Абсолюттік мәнде және пайыздық тұрғыдан алғанда бұл онша көп емес. Негізгі фактор – басталған демалыс маусымы. Өздеріңіз білесіздер, жаз мезгілі бізде жеке тұлғалар тарапынан валютаға – негізінен АҚШ долларына, ішінара еуроға – сұраныс болатын қалыпты маусым. Бұл – бірінші себеп», – дейді ол.

Ұлттық банк басшысы екінші себеп ретінде бюджет пен квазимемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың басталуын атап өтті. Инвестициялық жобаларды іске асырудың белсенді кезеңі дәл осы маусымға тұспа-тұс келеді. Ал олардың көпшілігі жабдықтар, қосалқы бөлшектер және басқа да импортқа тәуелді.

«Сондықтан біз сауда көлемінің артқанын байқап отырмыз. Соңғы бірнеше күнде сауда айтарлықтай ұлғайды. Егер өткен аптада орташа тәуліктік көлем 240–250 миллион доллар болса, биылғы аптада – 300–330 миллион доллардан асты, – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы теңге бағамының әрі қарай күрт өсуіне негіз болатын іргелі себептер көрінбейтінін жеткізді.

Сондай-ақ ол былтыр Ұлттық қорға 4,6 млрд доллар инвестициялық табыс түскенін айтқан.