Ресей уәдесін орындамаса, Қазақстан 3 жылу орталығына қажет қаржыны қайдан алады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, егер Ресей үш жылу электр орталығының құрылысына қаржы бермесе, керек ақшаны Қазақстанның өзіне табуға тура келеді Бұл туралы министр мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында 3 жаңа жылу электр орталығын салу Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асуы тиіс. Келісімге сәйкес, Ресей осы 3 ЖЭО-ны салуға арзан несие беруі керек еді.
Алайда мамыр айының соңында бірінші вице-премьер Роман Скляр Ресей бұл жобаларды қаржыландыруда қиындыққа тап болғанын айтқан еді. Сол кезде вице-премьер егер мәселе шешілмесе, Қазақстан басқа инвестор іздеуге мәжбүр болатынын айтқан.
Бұл ретте министр Ақкенженов қос тарап Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында кездесіп, сода Ресейдің нақты ұстанымы белгілі болатынын атап өткен.
«Егер басқа мүмкіндік болмаса, Қазақстан бұл ЖЭО-ларды өзі салуға кіріседі. Басқа таңдау жоқ», – деді министр.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда «Самұрық-Энерго» компаниясы жылы орталығын салатын мердігерлерді өзі конкурс арқылы анықтайды. Жобаның құны қолданылатын жабдыққа байланысты болмақ.
«Қазір нақты ұсыныс жоқ. Ресей тарапынан да, басқа мердігерлерден де. Сондықтан жобаның бағасы туралы нақты ештеңе айта алмаймыз», – деді Ақкенженов.
Көкшетаудағы ЖЭС -ті үкімет 2028 жылы іске қосуды жоспарлаған. Үш жобаның алдын ала жалпы құны 1,25 трлн теңгеге бағаланған.
Үш қаладағы жылу электор орталығын ресейлік «Интер РАО» холдингінің құрамына кіретін «Интер РАО – Экспорт» компаниясы салуы тиіс болатын.
Жобаның бірінші кезеңі «Самұрық-Энергоның» өз қаржысына жүзеге асса, 2 және 3-кезең үшін Ресейден қарыз алынуі тиіс еді. Бұл қарыздың уақтылы қайтарылатынына «Самұрық-Қазына» мен ел үкіметі кепіл болмақ.