Жаңалықтар

2024 жылы теңге 15%-ға құнсызданған

Теңге неге құнсызданды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы теңге 15%-ға құнсызданған. Бұл туралы Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

ҰБ басшысы теңгенің әлсіреуіне сыртқы және ішкі факторлар әсер еткенін айтады. Сыртқы факторларға әлемдік нарықты доллардың нығаюы, ірі сауда әріптесіміз – Ресейге салынған санкциялар мен Қазақстан экспортқа шығаратын тауар бағасының құбылуы жатады.

«Ішкі факторларды айтатын болсақ, фискалдық ынталандыру және төлем балансы тапшылығы салдарынан валютаға сұраныстың артуы әсер етті. Ол KASE-де сауда көлемінің 55 пайыз, яғни 55 млрд долларға дейін артуынан көрініс тапты», – деді Сүлейменов.

Былтыр теңге әлсіреген кезде, Ұлттық банк бірқатар шараларды қолға алған. Біріншіден, 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында бас банк нарыққа араласып, 1,4 млрд теңге көлемінде интервенция жасады. Яғни өз резервінен нарыққа осындай көлемде доллар сатты.

Екіншіден, алтын сатып алуға қатысты монетарлық бейтарап саясатқа көшкен. Сүлейменовтің айтуынша, бұл алтын сатып алуға жұмсалған 3 трлн теңгеден аса қаржының эмиссиясын қайтаруға мүмкіндік берген.

Үшіншіден, 2024 жылы квазимемлекеттік сектордың доллармен алатын табысының 50%-ын қор нарығында сату талабы қайта оралды.

Сүлейменов қазір валюта нарығыдағы жағдай тұрақты деп сендіріп отыр.