Банк пен қаржы

Былтыр Ұлттық қорға 4,6 млрд доллар инвестициялық табыс түскен

Ұлттық қор
Ұлттық қор мен БЖЗҚ инвестабысы қандай / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Былтыр Ұлттық қордың инвестициялық табысы 4,6 млрд долларды немесе 7,6%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

2024 жылы Ұлттық қорына жалпы 3,8 трлн теңге көлемінде қаражат түссе, республикалық бюджетті қолдау мақсатында 5,6 трлн теңге трансферт түрінде бөлінген. Бұдан бөлек, Үкімет шешімімен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары 467 млрд теңгеге сатып алынған. Бұл қаражат та бюджетті қосымша қаржыландыру үшін пайдаланылды.

Стратегиялық жобаларға 238 млрд теңге бағытталды

Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар жобаларға инвестиция тарту үшін «Самұрық-Қазына» қорының облигациялары сатып алынды. Бұл мақсатқа 238 млрд теңге жұмсалған. Қаражат «Достық – Мойынты» теміржол желісін және «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салуға жұмсалмақ.

Зейнетақы қорының табыстылығы қандай?

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері 22,4 трлн теңгеге жетті. Қазақстандықтардың жинағын бір жылда 4,6 трлн теңгеге артқан. Қордың инвестициялық кірісі 3,4 трлн теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе жоғары қалыптасты.

Зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 17,8% құраған.