Қазақстан автокөлік шиналарының өндірісін 1 млн-ға дейін арттырады

Қазақстан автокөлік шиналарының өндірісін 1 млн-ға дейін арттырады. Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда Tengri Tyres зауыты жазғы және қысқы дөңгелектер шығарумен айналысады. Компания 2025 жылы 1 миллионнан астам жеңіл автокөлік шинасын шығаруды жоспарлап отыр. Компания басшысы Александр Уставщиковтың айтуынша, бұл өнімдер ішкі нарыққа ғана шығарылып қоймай, көрші Ресейге де экспортталады.
«Біз әлі толық өндірістік қуатқа шыққан жоқпыз, сондықтан еліміздің барлық сауда нүктелерінде біздің брендтің шиналарын таба алмайсыз. Дегенмен дамып келеміз, өндіріс көлемін арттырып жатырмыз. Қазіргі уақытта зауытта 844 адам жұмыс істейді. Жоспар туралы айтсақ, жеңіл көлік шиналары бойынша зауытты толық қуатқа шығару көзделіп отыр. Айта кетейін, жеңіл көліктерге арналған шина өндірісінің жобалық қуаты – 3 млн дана. Сонымен қатар қазіргі кезде жүк көліктеріне арналған шиналарды жаппай өндіруге кірісіп жатырмыз», – деді «Tengri Tyres» ЖШС директоры.
Еске сала кетсек, 2024 жылдан бастап, Ресейлік «Татнефть» компаниясы елде Attar брендімен шина шығара бастады. Сарань қаласында ашылған зауыттың жылына 3,5 млн шина шығаратыны айтылған болатын.
Ал елде отандық шиналардың өндіріле бастайтынын сол кездегі Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтқан болатын.