Базалық мөлшерлеме жоғары болғанына қарамастан, инфляция өсіп, бағалар шарықтаған

Базалық мөлшерлеме бүгінгі күні 16,5%. Қазақстан қазір 2022-2023 жылдардағы кризистік кезеңдердегі қатал ақша-кредит саясатын ұстанып отыр. Бірақ ақша кредит-саясатының қатайғанына қарамастан инфляция өсіп, бағалар шарықтап барады. Ал Салық кодексі күшіне енгенде жағдай тіпті күрделенуі мүмкін. Бұл туралы Сенатта депутат Серік Өтешов айтты.
Инфляция қарқын алған
Депутаттың айтуынша, қазіргі 16,5% базалық мөлшерлеме 2022-2023 жылғы кризистік кезеңдегідей өте жоғары. Еліміз қатал ақша-кредит саясатын ұстанып отыр. Бірақ соған қарамастан, мамыр айында инфляция 11,3%-ға жылдамдаған.
«Азық-түлік бағасы 10%-ға, суық су 98%-ға, байланыс 16%-ға, теміржол билеттері 26,5%-ға, денсаулық сақтау саласы 12,3%-ға қымбаттап кетті. Халық үшін маңызды тауарлар мен қызмет түрлері қымбаттап отыр. Мұның барлығы қарапайым халық өміріне айтарлықтай әсер етіп жатыр. Бұл мәселеге алдағы уақытта біз талқылап жатқан Салық Кодексі де өз үлесін қосары сөзсіз. Бизнеске айтарлықтай салмақ түседі. Бағалар шол кезде шарықтай түсетіні анық. Енді инфляцияны қалай тұрақтандыру көзеліп отыр», – деп сұрады Өтешов.
Ұлттық банк жауабы
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі инфляциялық жағдайға ішкі және сыртқы факторлар әсер ететінін айтты.
«Біз экономикаға көп қаражат құйып жатырмыз. Бұл қаражатты барынша жылдам әрі тиімді тауарға айналуы керек. Сонда ақша массасы мен тауар массасы арасында тепе-теңдік орнайды. Әрине, біз бұл бағытта тиісті ведомстволар жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен тарифтік және баға реформалары да инфляцияға әсер ететіні сөзсіз. Бұл реформа әрине, елге керек. Бізге бұл реформалардың кезең-кезеңімен жүргізілуін қадағалау керек. Біз үкіметпен бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз», – деді Сүлейменов.
Сонымен бірге елдегі инфляцияға тұтынушылық несиенің артуы да айтарлықтай әсер еткен. Банк төрағасының айтуынша 2020 жылдан басап тұтынушылық несие өте жылдам қарқынмен өсе бастаған.
«Тұтынушылық несие қарқыны осы аралықта 31-32%-ға артқан. Бұл соншалықты қауіпті жағдай емес. Десе де, несие алу қарқыны номиналды табыс көлемінің қарқынынан жылдап болған кезде осындай жағдай қалыптасады. Біз бұл жағдайды ақырындап тұрақтандыруға тырысамыз. Реттеуші бұдан бөлек инструменттерді де қолданады», – деді банк төрағасы.