Сенат қоғамдық орында бетті бүркемелеп жүруге тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды

Сенат қоғамдық орында бетті бүркемелеп жүруге тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды. Депутаттар заңның кейбір баптарына өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Сенат депутаттары құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға қатысты заңға өзгерістерді талқылады.
Заңға сәйкес Қазақстаннан тыс жерлерде тұрақты тұратын адамдар үшін Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу туралы өтініштерді енді Сыртқы істер министрлігі емес, Ішкі істер органдары қарастыратын болады. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігінің бұл бағыттағы құзыреті алынып тасталады.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) таратылады. ЖПҚ-ның бұрынғы қызметі күткендей нәтиже бермегендіктен, Ішкі істер министрлігі ЖПҚ мен әкімшілік полиция басқармаларын қайта құрылымдап, олардың негізінде екі жаңа басқарма құрады. Бұл басқармалар арасында міндеттер мен жұмыс көлемін теңдей бөлінеді.
Заңда көпішілік көп талқылаған заң нормасы да бар. Депутаттар «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң нормаларына өзгеріс енгізбекші. Оған сәйкес қоғамдық орындарда бет-әлпетті бүркемелейтін киім-кешек киюге тыйым салынады. Бұл шектеу қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауға, медициналық мақсаттарға немесе ауа райына байланысты жағдайларға қатысты қолданылмайды.
«Бұл шара бет-әлпетті танудың мүмкіндіктерін жетілдіру арқылы, қоғамдық орындарда жасалатын, құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың алдын алудың, тиімділігін арттырады», – дейді депутат Наурызбай Байқадамов.