
Сенат рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдап, қол қою үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.
Қанша адамға рақымшылық жасалады?
«Заң азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатуға, сотталғандарды, оның ішінде пробациялық бақылаудағы адамдарды жазалаудың өтелмеген бөлігін қысқартуға бағытталған», – деді депутат Нұрлан Бекназаров.
Алдын ала есептеулер бойынша рақымшылық 15,1 мыңнан астам сотталғанға қатысты қолданылады. Соның ішінде 4,1 мың адам қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылады. Ал 11 мың сотталушының негізгі жазасының мерзімдері қысқартылып, ертерек бостандыққа шығуына жағдай жасалады.
Заң жобасын барлық депутат мақұлдады.
Әлеуметтік әділеттік
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңның әлеуметтік әділеттік орнатудағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ заңның ауыр емес қылмыс жасаған адамдардың қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік беретінін айтты.
«Бүгін біз маңызды заңды мақұлдадық. Рақымшылық барысында қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған, әлеуметтік жағынан осал адамдарға басымдық беріледі. Заң шеңберінде рақымшылық қолданылмайтын нақты қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары белгіленген. Жалпы заң әлеуметтік әділеттікті нығайтуға, сондай-ақ түзелу жолына түскен азаматтардың қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз етеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.
Еске сала кетсек, аталмыш заңды Мәжіліс депутаттар 11 маусым күні мақұлдаған болатын.
Депутат Абзал Құспан Заң жобасының бюджет қаражатының 5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты.