Шетелде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар рақымшылыққа іліне ме

Конституцияның 30 жылдығына орай ауыр емес қылмыс жасаған азамттарға рақымшылық жасалады. Сенатта аталмыш заң талқыланып, депутаттар кімдердің амнистияға ілінетіні туралы сұрады.
Рақымшылыққа кімдер ілінеді?
Депутат Әсем Рахметова шетелде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтардың рақымышылыққа іліну мүмкіндіктері жөнінде сұрады.
«Заңның 6 бабында Қазақстан Республикасы соттары соттаған және жазасын оның шегінен тыс жерде өтеп жатқан адамдарға, сондай-ақ жазасын өтеу үшін Қазақстан республикасына берілген азаматтарға рақымшылық жасауды қолдану ҚР Қылмыстық процестік кодексінде және ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалатыны айтылған болатын. Осы орайда бұл категорияға жататын азаматтарға рақымшылық жасау қала» жүзеге асырылады?» – деп сұрады депутат.
Қанша қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатыр?
Ішкі істер министрінің орынбасары, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков шетелде жазасын өтеп жатқан азаматтардың сол елдің заңына бағынатынын, ал елге қайтарылған сотталғандардың келісімшарт негізінде амнистияға ілінуі мүмкін екенін айтты.
«ҚР Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде мыңнана астам шетел азаматтары жазасын өтеп жатыр. Шетелде де мыңнан астам Қазақстан азаматтары сотталған. Соның ішінде 800-ден астам азамат Ресей федерациясында жазасын өтеуде. Олар басқа мемлекетте қылмыс жасағандықтан, сол мемлекеттің заңдарымен жазаланған. Аталған азаматтарды беру мәселелері ТМД елдерінде Мәскеу конвенциясы және халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады», – деді ІІМ өкілі.
Қазақстанда сотталған шетел азаматтары амнистияға іліну мүмкін
Өткен жылы Қазақстанда жазасын өтеп жатқан 40-тан астам шетел азаматы өз елдеріне берілген. Ал осы жылдың 5 айында 20-дан астам сотталған адам елдеріне қайтарылған. Қайырбеков бұл адамдардың аталмыш заң шеңберінде амнистияға ілінуі мүмкін екенін айтты.
«Аталған сотталған адамдардың өкілдері Қазақстанға рақымшылық жасау жөнінде жүгінетін болса, халықаралық шарттар негізінде олардың құқы ескеріледі. Шетелде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтарына қатысты аталған рақымшылық туралы заң қолданылмайды. Тек келісімшарт негізінде елге қайтарылған қазақстандықтарға келісімшарт негізінде қарастырылған болса, рақымшылық туралы заң қолданылуы мүмкін», – деді Қайырбеков.
ІІМ өкілі бірақ шетелден қайтарылған ешбір сотталған адамның осы жолғы рақымшылыққа ілінбейтінін айтты. Айтуынша, олардың жасаған қылмыстарының ауырлығы ескерілген.
Айта кетсек, рақымшылық туралы Заң жобасы аясында 4,1 мың адам бостандыққа шығады.