
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров өзінің 100 баласы бар екенін мойындады және оларға арнап мұрагерлік хатын дайындап қойған. Бұл туралы Le Point атты француз басылымына берген сұхбатында айтты.
Дуровтың 100 баласы бар ма?
Осыған әлеуметтік желіде Дуровтың жүзге жуық баласы бар екенін жайлы қауесет таралған еді. Кәсіпкер бұл әңгімелерге нүкте қойды.
«Мен ресми түрде үш түрлі әйелден алты баланың әкесімін. Басқа балалар анонимді донорлықтан болған. 15 жыл бұрын клиникада сперма доноры болдым, сол кезде мен 12 елде 100 сәбидің өмірге келуіне көмектестім деп айтқан», – деді ол сұхбатында.
Бірақ Дуров балалары болашақта мұрагерлік үшін таласқа түсе ме деп қорқады. Сондықтан жағдайдың алдын алу үшін мұрагерлік хат қалдырған.
«Балаларым кемінде отыз жылға дейін менің дәулетіме жақындай алмайды деп шештім. Олардың банк есепшотына тәуелді болмай, қарапайым адамдар сияқты өмір сүріп, өз болашағын өзі жасағанын қалаймын», – деп түсіндірді ол.
Дәл осылай Telegram-ның болашағын да ойластырған. Павел Дуров қайтыс болған жағдайда әлеуметтік желіні басқару құқығына коммециялық емес қор ие болатынын атап өтті.
Телеграмның Ресейдегі арнайы қызметке қатысы бар ма?
Дуровпен сұхбатта қойылған басты сұрақтың бірі – Ресейдің арнайы қызметіне қатысы бар ма? Осыған дейін ресейлік «Важные истории» басылымы Telegram-дағы серверлерге Кремльге қызмет көрсететін компания өкілінің қатысы бар деген зерттеу жариялаған еді. 2014 жылы Павел Дуров Ресейден кеткеннен кейін 50 рет келіп кеткен көрінеді. Бірақ сұхабттарында кәсіпкер соңғы он жыл ішінде еліне мүлде бармағанын айтқан еді.
Бұл сұрақтарға Дуров нақты жауап бермеді, бірақ арнайы қызметпен шиеленіс болғанын атап өтті.
«Маған бұған дейін арнайы қызмет тарапынан қысым жасалған», – деді ол.