
Жеті адам қайтыс болған апаттан кейін үзіліске кеткен «Жомарт» кеніші қайта жұмысын бастады. Бұл туралы «Қазақмыс» ЖШС Басқарма Төрағасы Нұрахмет Нұриев мәлімдеді.
«Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Әрбір қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету — біздің тікелей міндетіміз және абыройлы борышымыз. Ғылыми-зерттеу орталықтары, техникалық және сараптамалық ұйымдар мен компаниямыздың жұмыскерлері бірігіп атқарған тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде «Жомарт» кенішінде өндірісті қайта бастауға ресми түрде рұқсат берілді. Аталған шешім кенжарлардың жағдайы, қауіпсіздік деңгейі және қызметкерлердің дайындығы жан-жақты сараланған соң қабылданды», – деген ол өз сөзінде.
Алдағы уақытта қауіпсіздікке қатысты қандай да бір күмән туса, жұмысты дереу тоқтататынын атап өтті. Ал кеніш жұмысының сапасын жақсарту мақсатында Senim (бұрынғы атауы — SpeakUp) кері байланыс жүйесі ары қарай жұмыс істей бермекші.
«Бұл жүйе мәселені ашық айтуға мүмкіндік береді. Біздің ұстаным өзгермейді: тәуекел міндетті түрде айтылуы және дереу жойылуы тиіс. Сіздердің арқаларыңызда біз қиындықты бірге еңсеріп келеміз және 16 маусымнан бастап үлкен жауапкершілікпен, әрқайсыңызға деген қамқорлықпен «Жомарт» кенішіндегі жұмысты қайта бастадық», – деп атап өтті «Қазақмыс» басшысы.
Еске салайық, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында 17 ақпанда компанияға тиесілі «Жомарт» кенішіне тау массасы құлады. Сол уақытта шахтада болған жеті кенші қайтыс болды.
Қаза болған шахтерлердің отбасына мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілді. Оларды жерлеу шығынын «Қазақмыс» компаниясы өз мойнына алды, одан бөлек қайтыс болған қызметкердің 10 жылдық еңбекақысына тең (84-124 млн теңге) қаражат берілді, балаларының оқу ақысын төлеп, марқұмдардың несиесі мен қарыздары кешірілді.
Ал наурызда қауіпсіздікті тексеру үшін «Қазақмыс» кеніштер жұмысын уақытша тоқтатты.